«Сасып жатыр». Сайрамдық шаруалар егін алқабын қан араласқан сумен суғаруға мәжбүр

949

Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғындары егістік алқаптарын мал қаны араласқан арық суымен суғаруға мәжбүр. Өйткені Қарабұлақ ауылында мал сою орындарынан шыққан төрт түлік қаны белгіленбеген орындарға төгіліп келген. Соның зардабын жергілікті жұртшылық тартып отыр. Осылай деп дабыл қаққан тұрғындардың видеосы әлеуметтік желілерде пайда болды.

Видео авторы қып-қызыл қанға малынған судың арықпен ағып, картоп егілген егістік алқапқа құйылып жатқанын айтады. Сонымен қатар ол қан араласқан арық суын мал ішіп жатқанын, шаруалар осы сумен тікелей байланыста болғандықтан белгісіз жаралардың шығуының себебі осы жайт болуы мүмкін екенін алға тартады.

Бейнежазбаны Facebook парақшасында бөліскен экобелсенді Ғани Назарбек ауданда сойылған мал қалдықтарын өңдеу, залалсыздандыру орындары жоқтығын атап өтті. Соның салдарынан қасапшылар қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге тастап жүр.

«Мыңдаған тонна қан жерасты суларына қосылып, басқа қалдықтар ашық далада сасып жатыр. Бұл мәселеге жай қарауға болмайды. Болашақта COVID-19 секілді аурудың бізден шықпауына кім кепіл? Кәсіпкер мүддесі бірінші тұратын елде халықтың жағдайы кейінгі кезекте. Қоршаған ортаны осындай жағдайға жеткізген жауапты қызметкерлер заң аясында жауапқа тартылуы қажет» деп жазды Facebook белсендісі.

Сайрам ауданы әкімдігіндегілер көптің жағасын ұстатқан видеоға қатысты пікір білдірді. Әкімдіктің мәліметінше, аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерден шығатын сарқынды сулар Қарабұлақ ауылындағы шұңқырларға (бассейндер) төгіледі. Ол жерлерге мал сою орындарынан рұқсатсыз қан төгілгендіктен шұңқырдың кейбірі толған. Соның салдарынан сарқынды сулар жерге сіңбей, шұңқырдан шығу жағдайы орын алған. Осыған байланысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі аудандық полиция мен прокуратураға қан төгілмеуін қадағалауға алу, төккен жағдайда шара қолдану мақсатында хат жолдаған. Ал мал союды кәсіпке айналдырғандарға шыққан қалдықтарды Шымкентте арнайы бекітілген (сойылған малдан шыққан қалдықтарды тапсыратын) орынға тапсырулары қажет екендігі түсіндіріліпті.

Айта кетерлігі,  бейнежазба желіде тараған соң аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразәлиев Қарабұлақ ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездескен.

«Кездесуде «Сайрам ауданы Ақсукент ауылының тазартқыш имараттарын қайта құру» нысаны туралы мән-жайын және осы нысанның сыртқы аумақтарында санитарлық талаптарды сақтау, адам өмірі мен денсаулығына зиян келтірмеу, қоршаған ортаны қорғау мақсатында мал сою орындарынан шығатын қандарды төгіп, сондай-ақ мал өлекселерін тастауға рұқсат етілмейтіні түсіндірілді. Осыған байланысты тәртіптің сақталуын қадағалау үшін аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тәуліктік кезекшілікке бекітілді» делінген аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінде.

Сонымен қатар кездесуде тұрғындарға шұңқырдың айналасына белгісіз азаматтардың қан төгіп, мал қалдықтарын тастау секілді жасап тұрған әрекеттерін видеоға түсіріп,  құзырлы органдарға жолдау қажеттігі де айтылды. Бұдан өзге халықтың қосымша шұңқыр қазу және жолдарды ашу туралы сұраныстары назарға алынып, арнайы техникалардың көмегімен жұмыс жүргізілетін болды. Дәл қазіргі таңда  «Сайрам тазалық» ЖШС-інің  3 камаз бен 1 экскаватор техникасы қазіргі таңда шұңқырларды қазып, шайынды сулар жиналатын орындарға тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер желіде тараған видео бойынша учаскелік полиция инспекторлары мен табиғатты қорғау тобының қызметкері бірден оқиға орнына шығып, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізгенін хабарлады. Facebook белсендісінің арызы тіркеліп, жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін «Сайрам тазалық» ЖШС-ға жолданған. Ал әкімдіктің полицейлер тәулік бойы кезекшілікке бекітілді деген ақпаратын жоққа шығарды. Себебі ол орындарды күзетіп-бақылау жұмыстары полицияның құзырына кірмейді екен.