“Серінің сергелдеңі” — Шымкентте Ақан серінің өмірін баяндайтын жаңа драма сахналанды

151

Шымкентте Ақан серінің өміріне арналған «Серінің сергелдеңі» лирикалық драмасының премьерасы өтті. Жұма-Назар Сомжүректің драмасы жаңа форматта алғаш рет сахналанды.

Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында «Серінің сергелдеңі» лирикалық драмасының премьерасы өтті. Көпшіліктің қызығушылығын оятып, таңдай қақтырған қойылымды тамашалауға әсіресе жастар қауымы көптеп жиналды. Драманың қоюшы режиссері Бекболат Құрманғожаев қойылымды заманауи үлгіде сахналауға тырысқанын айтады.

Бекболат Құрманғожаев, «Серінің сергелдеңі» лирикалық драмасының қоюшы режиссері: “Бұл жерде кішкене эклектика – сол кез еске түседі, бүгінгі күннің жастарының сұрауымен бүгінгі қоғамның, бүгінгі ұрпақтың «бабаларымыздың басынан не өтті?» деген сұрақпен екі ортада ортақ дүние дейді ғой, сол тұрғыдан шешілді. Мұның ішінде Ақан сол бұрынғы кезін, жас кезін есіне түсіруі. Бүкіл оқиға сол бәйге, сол кездегі қазақтың болмысын көрсетеді.”

Театрдың көркемдік жетекшісі бұл драманың өзгелерінен айырмашылығы – әндерінде дейді. Яғни, ақын тағдырын көрсету арқылы -қазақтың құлаққа сіңген әндерінің шығу тарихын бейнелеу. Сонымен қатар, ұжым тетар репертуарындағы кезекті жаңа қойылымда лед экрандарды қолдануға тырысыпты.

Бекболат Құрманғожаев, «Серінің сергелдеңі» лирикалық драмасының қоюшы режиссері: “Лед экранды алып шығуға, қолдануға тырысып жатырмыз. Лэд деген аты бар, бірақ бізде компьютер видео арқылы. Айырмашылығы – әндері. Ол үлкен Ақан серіде, Сәкен ағамыздың Ақан серісінде болсын ол жерде үлкен драма трагедияға дейін барады. Ал мұнда қасында Ақтоқты да жоқ, жеке өзінің басындағы тағдыры, трагедиясы».

XIX ғасырдың жарық жұлдызына айналған Ақан серінің тағдырын әр кезең қаламгері әр түрлі жырласа, Жұма-Назар Сомжүрек драмасы – мұңды шерге айналған ақын тағдырын жаңаша баяндайды.

Айта кетейік, жалпы қойылымды сахналауға 3 млн-ға жуық қаражат жұмсалған көрінеді. Ал Жұмат Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театры мамыр айында гастрольмен Алматы қаласына сапарлайды.