Шымкент темекі аз шегетін өңірлер көшін бастады

63
Қазақстанда қазіргі уақытта 5 миллионға жуық адам темекі тартады екен

Қазақстан азаматтары темекі өнімдеріне қанша қаражат жұмсайтыны белгілі болды. Статистикалық мәліметке сүйенсек, көш басын Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары бастап тұр. Ал Шымкент халқы ең соңғы орынға жайғасқан.

Еnergyprom.kz  дерегіне сүйенсек,  өткен жылдың 4-тоқсанындағы дерек бойынша әр үйдің темекі өнімдеріне жұмсаған ақшалай шығыстары орта есеппен 11,5 мың теңгені құрап, бір жылда 9,4%-ға артқан. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары көшті бастаған. Бұл өңірде әр үйге шаққанда темекі сатып алуға тоқсанына 20,5 мың теңге жұмсалған.

Темекіге әуес жандардың қатарына Павлодар облысының тұрғындарын да қосуға болады. Бұл өңірде әрбір үйге шаққанда тоқсанына 20,3 мың теңге шығындалыпты. Үштікті Ақмола облысы аяқтап отыр. Онда темекіге жұмсалған қаржы 19,3 мың теңгені құраған.

Шымкент темекі өнімдеріне ең аз шығындалатын қала қатарына енді. Мегаполисте небәрі 2,6 мың теңге жұмсалыпты. Сондай-ақ бұл тізімге Маңғыстау (3,2 мың теңге) мен Түркістан облыстары (4,5 мың теңге) жайғасқан.

2023 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша елімізде темекінің бағасы бір жылда 19%-ға өсті. Баға өсімі әсіресе елордалықтарға қатты білінген. Мұнда баға бірден 24,3%-ға қымбаттаған. Сондай-ақ бұл тізімде  Шығыс Қазақстан (22,4%), Ақмола, (22,3%), Жамбыл (22,1%) және Алматы (21,3%) облыстары да бар.

Баға тек Павлодар облысында (12,5%) ғана айтырлықтай қымбаттамаған.