Тұрғын үйдің сұр бетон қабырғасы енді нағыз өнер нысанына айналды. Суретші Вениамин Шульгин қалаға осындай сыйлық жасады. Қылқалам шебері қабырғаға ешқандай ақысыз керемет туындылар бейнелеген. 65 жастағы шебер қабырғаға туған өлке пейзажын, жануарлардың бейнесін салған.
Шымкенттік қылқалам шебері сұрықсыз қабырғаны жарқын өнер туындысына айналдырды. Суретші өнер объектісінде бір жарым ай жұмыс істепті. Сөйтіп, туған жеріме тарту жасадым дейді ол. Мұндай сұлулықты жасап шығару үшін 65 жастағы ер адам акрилді қолданған. Қазірдің өзінде арт-туынды қала тұрғындары мен қонақтары қызыға тамашалайтын сүйікті орынға айналып үлгерген.
Вениамин Шульгин, суретші: «Бірінші сурет — бұл Қазақстанды, еліміздің рухын бейнелейтін, алысқа қарап, барлығын шақыратын талпыну бейнесінде. Екінші сурет- бұл біздің әлемге келе жатқан болашақ. Ал бұл — бізде ойын алаңы. Мен келіп, ойын алаңын көрген сәтте, балаларға әртүрлі формалардың жиынтығын жасауды дұрыс деп таптым.»
Вениамин Шульгин шығармашылықпен бала кезінен айналыса бастаған. Қылқалам шебері алғашында бояуларды түсіну қиын болғанын айтады. Ал уақыт өте келе өз кәсібін тереңінен ұғынып, тез игере бастапты. Суретші туындыны дайындау барысында ең бастысы ешкімнің кедергі келтірмегені маңызды дейді. Сөзінше, оның барлық арт-нысандары толық ойдан шығарылған көрінеді.
«Менің тек бір шартым ғана бар – барлығын өзім жасаймын. Содан кейін энергия келіп, шабытым ашылады. Яғни, еркін шығармашылықта еңбек етемін. Егер біреу маған бұйырып, айтып, көрсетіп отырса, мен жасаймын. Бірақ, бұл еркін, шын жүректен жасалған туынды болып шықпасы анық» — дейді суретші.
Шебер өз жұмысы үшін ақы сұрамайды. Ұсынған сомаға рақмет айтып кете беремін дейді ол. Суретші, ең бастысы — әр шығарманы жаныңмен түсініп, шығару қажет, сонда ғана ол бағалы болады деп есептейді. Бүгінде Ғ.Ильяев пен Дулати көшелерінің қиылысындағы оның туындылары қала жастары үшін нағыз серуендеу алаңына айналған.