Шымкентте азаматтардың жалақысын көтеру үшін 4,5 млрд, теңге бөлінді

83

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің халықпен кездесулері нәтижесінде 3000-нан астам проблема оң шешімін тапқан. Мегаполис басшысы биыл да әр тоқсандағы тұрғындармен кездесуін жалғастырып жатыр. Әл-Фараби ауданының азаматтарына есеп беру жиынында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, алдағы өзгерістер жайлы айтты.

«Биылдан бастап шымкенттіктердің жалақысы 100 мың теңгеден кем болмайды». Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов халықпен кездесуі барысында айтты. Сөзінше, қазір үшінші мегаполисте тұрақты жұмыс істесе де айлығы шайлығына жетпейтін 17 мың азамат бар. Олар 78 мың теңгеге күнелтіп отыр. Биыл осы азаматтардың айлық табысын арттыру үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген.

Мұрат Әйтенов,Шымкент қаласының әкімі: «Біз оны анықтап, депутаттармен ақылдасып шештік. Қазір 17 мыңға жуық азаматтың айлықтары 100 мыңға жетпейді екен. Биылғы жылы 1 сәуірден бастап жергілікті бюджеттен 4,5 млрд. теңге бөліп, жалақысы 78 мың теңге құрайтын азаматтарды 100 мыңға ұлғайтып отырмыз».

Бүгінде азаматтарды жұмыспен қамту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен өткен жылы 65 мың азамат әкімдік қолдауымен екі қолға бір күрек тапқан. Қала басшысы Мұрат Әйтеновтың айтуынша, осындай шаралардың арқасында мегаполистегі АӘК алатын отбасылардың да қатары азайған. 2021 жылы 50 мың жанұя АӘК алса, өткен жылы көрсеткіш 16 мыңға кеміді. Ал қазірдің өзінде 5085 мекемеде 10 мың бос жұмыс орны бар екен.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Көбісі ойлайды АӘК тұрақты берілетін көмек деп. Ол тұрақты емес. Азматтар аяққа тұрғанша, өз өзін қамтамасыз еткенше тек уақытша беріледі. Жұмыс тауып, жағдайы жақсарған соң автоматты түрде АӘК-тен шығарылады. Біз барынша оларға жұмыс тауып беруге күш салып жатырмыз».

Жалпы мегаполис әкімі халықпен кездесіп, есеп беру нәтижесінде бірқатар мәселелер шешімін тауып жатқанын айтады. 2022 жылы 533 кездесу өтіп, 2970 мәселе көтерілген болатын. Бүгінде оның 70 пайыздан астамы оң шешімін тапқан. Ал әр айдың алғашқы сәрсенбі күні өтетін Мұрат Әйтеновтың жеке қабылдауында 3000 нан астам проблема шешіліпті.

«Жалпы бұрындары қала әкімдігінде 10-15 адам қабылдайтын еді. Өйткені, көп тұрғындар проблемасын айтып әкіммен жолыға алмайтын. Тек айына 10-15 адам болғандықтан, проблема да көп еді. Кейін «біздер миллионды қаламыз» дегеннен кейін біз мына арнайы көрмеде әріптестеріммен бірге кемінде 200 – ден аса азаматты қабылдауға мүмкідік жасадық»,-деді әкім.

Айта кетейік, бүгінде республикалық маңызы бар қаланың бюджетінде де әлдеқайда өсім бар. 2019 жылы қала бюджеті 146 млрд. теңге болса, биыл 613 млрд. теңгеге жетіп отыр.