Шымкентте кене шаққандар саны артқан

168
Кене шағу

Шымкентте күн жылынғалы кене шаққандар саны артқан. Медициналық көмекке жүгінген мұндай науқастардың қатары былтырғы кезеңмен салыстырғанда 26 жағдайға көп. Қазір қалада кенеге қарсы заласыздандыру жұмыстары жүргізілуде.

Былтыр дәрігер қарауына улы жәндік шаққан 56 адам келген болса, биыл олардың саны 82-ге жеткен. Дегенмен мамандар кенеден кесел жұқтырғандар жоқ деп отыр.

«Биыл былтырмен салыстырғанда 26 жағдайға көбейген. Кене шаққан жағадайда медициналық көмекке жүгініп, 14 күн медициналық бақылауда болу керек. Кене табылған жағдайда кенені қолмен жұлмау қажет. Ақырын жіппен алып, қақпағы бар ыдысқа салып, арнайы орынға өткізу керек»,-деді Шымкент қаласының Санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы  Нұргүл Тезекбаева.

Кене шаққандардың басым бөлігі табиғат аясында серуендеуге шыққанда немесе саяжай маңайын аралау кезінде зардап шеккен. Күн жылынғалы бері әсіресе балаларды кене шағу дерегі күрт көбейген. Ал шаһарда жылдағы жоспарға сәйкес улы жәндіктерді жою үшін дезинфекциялау жұмыстары басталды. Залалсыздандыру шарасы мамыр айының соңына дейін жүргізілмек.

«Жылына екі рет заласыздандыру жұмыстары жүргізіледі. 2 млн шарты метр қоражайлар, 2 млн шарты метр саябақтарға, 375 мың шаршы метр адам көп шоғырланатын жерлерде кенеге  қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде»,-деді ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Талғат Мөкембаев.

Айта кетейік, кене – конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруы қоздырғышының негізгі тасымалдаушысы. Мамандардың сөзінше, биыл кене энцефалиті, қырым-қанды безгегі секілді қатерлі аурулар тіркелмеген. Дегенмен тұрғындарды барынша сақ болуы керек екенін ескертеді. Әсіресе табиғат аясына демалысқа шыққан кезде барынша жабық киім киініп, балаларға абай болған жөн.

Автор: Лаура Нахыпқызы