Шымкентте шалғай аудандардағы екі емхананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

52

Құрсай шағын ауданында емхана құрылысы жүріп жатыр. Заманауи талапқа сай жабдықталатын емханада жоспарға сәйкес цифрлық медициналық құрылғылар орнатылады. Медициналық мекемеде 150 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Ынтымақ-2 шағын ауданында тағы бір емхана бой көтеруде. 

Шымкенттің шалғайда орналасқан шағынаудандарының бірі Құрсайда тәулігіне 450 келушіге арналған емхана құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес емханада цифрлық рентген, УДЗ аппараттары, аудиометр, ЛОР комбайн орнатылады. 150 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырған медициналық мекеме 2024 жылы пайдалануға беріледі.

Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Инвестициялық жоба – 14 емдеу орталығы осы Құрсай елдімекенінде 1,2 млрд инвестиция жасап, осы жерде емхана салуды жоспарлап жатырмыз. Қазіргі уақытта жұмысы басталып жатыр. Ендігі 2024 жылы бітуі керек. Кезең-кезеңмен жүзеге асады. Инвестордың жоспарларына байланысты биылғы жылдың аяғына дейін емхана бөлігін бітіруге тырысамыз.»

№14 емдеу орталығының инвестициялық жобаларының жүзеге асырылу барысын мегаполис басшысы Мұрат Әйтенов бақылап қайтты.

Ынтымақ-2 шағын ауданында да тәулігіне 350 адамға арналған емхана салынып жатыр. 7 блоктан тұратын нысанда отбасылық денсаулық орталығы, стационарлық бөлімше, консультациялық-диагностикалық бөлімше қарастырылған. Емхана биыл қолданысқа беріледі.

Медициналық мекемелер аумақтардағы емханалардың жүктемесін жеңілдетіп, тұрғындарға медициналық қызметтерді қолжетімді етеді. Құрылыс барысын бақылаған мегаполис басшысы жауаптыларға ғимараттардың талапқа сай жабдықталуын қадағалап, жұмыстарды сапалы әрі өндірістік кестеге сай жүргізуді тапсырды.