Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығында қаламгер Жәмиля Бахтиярқызының «Қарлығашым, келдің бе?» атты шығармашылық кеші өтті. Шара барысында жас жазушының екінші кітабы таныстырылды. Өзінің екі жыл бұрынғы өмірін қағаз бетіне түсірген бойжеткен бүгінде көпке мотивация болып отыр. Автор «Қарлығаш-махаббат ескерткіші» атты шығармасында нендей ой айтады?
Осыдан бірер жыл бұрын сырқаттың ауыр түрімен сыналса да, өмірге деген құштарлығын бір сәтке де төмендетпеген дарынды ару Жәмиля Бахтиярқызы бүгінде дертті жеңіп, кітап жазып, екінші туындысын көпшілік назарына ұсынды. Кітап тұсаукесеріне орай Шымкенттегі жастар ресурстық орталығында жастардың қатысуымен шығармашылық кеш ұйымдастырылды.
Көпке жігер беріп, серпіліс сыйлаған жазушысының бұл жолғы «Қарлығаш-махаббат ескерткіші» атты кітабында күнделікті күйбең тірлікте қозғалатын мәселелер мен ұлттық құндылықтар жайы сөз болады. Жәмиля Бахтиярқызының алдағы мақсаты-осы шығарманың таралуына барынша күш жұмсап, тағы бірнеше жанға өмірлік ой салу.
«Кітап жастарға, келешек ұрпаққа берері мол, тағылымы мол кітап деп ойлаймын. Себебі, ішінде салт-дәстүр, тарих, ұлттық құндылықтар, қазіргі кезде қоғамға қажетті тақырыптар қозғалады»,-дейді жас қаламгер.
Ал автордың осыдан екі жыл бұрын жарық көрген алғашқы «Бәйшешек» атты кітабы бүгінде 6 тілге аударылған. Тек ел ішінде ғана емес, шекара асып танымал болған кітап әсіресе мектеп оқушылары мен жастардың сұрасына ие. Жас қаламгердің ұстазы Баян Айтбекқызы да шәкіртінің тұрақты оқырманы екен. Әрбір шығармасын қалдырмай оқитын ол Жәмиля Бахтиярқызы жазған шығармалардың болашақ ұрпаққа берері мол деп есептейді.
Баян Айтбекқызы, «Шымкент қаласының әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: «Бұл қыз сегіз жылдай төсек тартып жатқан. Оған туысқандарының ықпалы көп болды. Кітапты оқығанда осы отбасының құндылықтарын көрдім. Дәрігерлердің көмек бергенін көрдім. Менің таңқалғаным, бірінші рет қыз бала өзін атасын сондай жақсы көргені. Үнемі атасының сөздерін есіне сақтап, айтып отырады. Бірақ, өкінішке орай ауруханадан шыққанда атасы қайтыс болып кетеді. Сонда, мына екінші кітабында атасына арнап 11 хат жазады».
Жәмиля Бақтиярқызының шығармашылық кеші еркін форматта өтті. Көрермендер көкейіндегі сауалын қойып, жас қаламгермен өзін толғандарған мәселер жөнінде сұқбаттасты. Ал шараның өтуіне мүмкіндік жасаған жастар ресурстық орталығы алдағы уақытта да мұндай шығармашылық кештерді жиі өткізіп отырамыз дейді.