Шымкенттік кәсіпкерлер салықты артығымен төлеп келген

240
Салық

Шымкентте жергілікті кәсіпкерлер жарнама салықтарын артығымен төлеп келген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қалалық департаментіндегілер хабарлады.

Антикор мәліметінше, нәпақасын бизнестен тауып отырғандар ведомствоға жүгініп, сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін салықтарды есептеудің заңдылығын қарауды сұраған.

Мән-жайды анықтау барысында Мемлекеттік кірістер департаменті салық ставкаларын сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғаларының жарнама алаңдарын асыра бағалауына байланысты есептегені белгілі болды.

«Департамент кәсіпкердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы хат жолдады. Бүгінгі таңда 100 мың теңгеден астам қаражат бизнес субъектісінің шотына қайтарылды. Антикордың ұсынысы бойынша сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды» делінген департамент ақпаратында.

Ведомстводағылар мемлекеттік органдардың шешімімен келіспейтін кәсіпкерлерді агенттіктің 1424 Call-орталығына хабарлауды сұрайды.