Шымкенттік шәкірттер республикалық пән олимпиадасынан 22 медаль жеңіп алды

181

Шымкенттік дарынды оқушылар республикалық пән олимпиадасынан 22 медаль жеңіп алды. Оның 17-сі «Білім-инновация» лицейінің оқушыларына тиесілі. Осылайша мектеп білім шыңын бағындыруда өз рекордын жаңғыртыпты. Қазір жоғары нәтиже көрсеткен лицей шәкірттері ұлттық құрамаға ілікті. Енді олар ел намысын шетелдерде қорғайтын болады.

Жаратылыстану-математикалық бағытындағы республикалық пән олимпиадасынан шымкенттік оқушылар 22 медаль еншіледі. Оның 17-сі ұл балаларға арналған білім инновация лицейінің шәкірттеріне тиесілі. 9 сынып оқушысы Досымжан Назарбай білім сайысында физика бағыты бойынша ең жоғарғы балл жинап, абсалютті 2 орыннан көрінді. Нәтижесінде пән олимпиадасының алтын медаліне ие болды.


Досымжан Назарбай, Республикалық пән олимпиаданың алтын медаль иегері: «Бірінші турда теория, екінші турда эксперимент жасадық. Бірақ 2-тур виртуалды өтті. Ол жерде есептер термодинамика тақырыбынан келді. Тапсырмада тұзды су мен тұщы судың еру кезіндегі айырмасын табу керек болды»

Мектептен физика пәні бойынша 4 оқушы қатысқан. Пән мұғалімдерінің айтуынша соның ішінде кішкентай болса да, Досымжан өзіне талапты жоғары қойып, тынымсыз дайындығының арқасында жеңіске жеткен.

Азат Нұрмұхамет, физика пәнінің мұғалімі: «Республикалық кезеңге 4 оқушы қатысты. Оның 2-еуі орын алды. Досымжан Назарбай деген оқушым, 50 шақты оқушының ішінен абсолют екінші болып, алтын медаль иеленді. Жеңіске жеткені еңбектің арқасында. Қажырлы еңбегі. Дисциплинасы өте жақсы»

Білім сайысынан еншілеген 17 медальдың 3-еуі алтын, 2-еуі күміс және 12-сі қола. Сонымен қатар 2 оқушы ҚР оқу-ағарту министрлігінің арнайы грамотасына ие болды. Оқушылардың басым бөлігі география мен информатика пәндері бойынша жоғары нәтиже көрсеткен. Мектеп директорының сөзінше білім ұясында осы 2 пәннің іргетасы жақсы қаланған.

Асылхан Үсіпбеков, «Білім-инновация» ер балаларға арналған №1 лицей-интернатының директоры: «Мектебіміз бұған дейін ең жоғарғы белесте болған. Өткен жылы 12 медаль алғанбыз. Сол арқылы Қазақстанда 7600-ге жуық мектеп болса, соның ішінде 14 орынға табан тіредік. Биыл 17 медальмен алғашқы 10-дыққа енеміз деген ойдамыз.

Ал былтыр білім ұясының 12 шәкірті үздік атанған еді. Биыл білім шыңын бағындырып, 17 медальмен өз рекордын жаңартты.