Шымкенттік ұста Қожа Ахмет Ясауидің алып мөрін жасап шыққан

112

Қожа Ахмет Ясауидің 2 метрге жуық алып мөрін жасаған ұсталар Шымкентте тұрады. Олар жарты тонналық туындыны 1 айдың ішінде жасап шыққан. Темірден түйін түйген шеберлер одан бөлек ұлттық өнерді дәріптеп, ұмыт бола бастаған ұсталықтың қыр-сырын жаңғыртуды қолға алған. 

Темірден түйін түйген Абдулла ақсақалдың ұсталықпен айналысқанына 40 жылдан асқан. Ол былтыр арнайы тапсырыспен Қожа Ахмет Ясауидің жарты тонна тартатын мөрін жасап шаққан. Мыспен қапталған туындының диаметрі 2 метрге жуық. Қазір мөр Түркістан қаласындағы музейге қойылған.


Абдулла Наурызбаев, ұста: «Мынау арапша әріптер. Осындай әріптерден бірінші жинап алып, үстін мыспен қаптадық. Осы әдіс тапсырыс берушілерге ұнады. Соңында сырты қола сияқты болып шықты. Сонымен қатар біз жасаған шамдардың 7 данасы да музейге қойылды. Қазір Түркістанда тұр».

Қазір ұста ертеректе қолданылған табиғи әдістерді зерттеп, оны жастарға дәріптеуді қолға алған. Мысалы маман, дәнекерлеуіш ретінде мүсәтірді қолданса, темір балқыту үшін арнайы үрлегіш көрікті өзі жасап шыққан. Айта кетейік, бұл өнер Абдулла Наурызбаевқа атасынан дарыған. Айтуынша ол да кезінде елге белгілі ұста болыпты.

Тіпті үйде 19 ғасырда соғылған аттың аяқ кісені әлі күнге сақтаулы тұр. Темірден түйін түйген тәжірибелі ұста тек тарихи заттар ғана емес, заманауи үлгідегі сәнді бұйымдарды да жасағанды ұнатады.


Абдулла Наурызбаев, ұста: “Елімізге белгілі суретші өз қиялынан түрлі туындылар салады. Біз соны темірмен иіп жасап береміз. Оның қазіргі туындысы ерекше. Өмір ағашы іспеттес. Сол жердегі кұс, жануарларды осында темірлерден иіп жасаймыз”.

Абдулла атай, аядай ғана шеберханадағы алып заттарды досы Келіс Арапбаевпен бірлесе отырып жасап шығады. Олар көше шамдары, түрлі композициялық туындылар, қоңырау, түрлі кәдесыйларды жасайды.


Келіс Арапбаев, ұста: «Ескі заттарды жасап берсеңіздер деп тапсырыс келіп жатыр. Бізге затты көрсетеді. Осының көбейтіп берсеңіздер дейді. Біз жасап беріп жатырмыз. Біздің алғашқы жұмысымыздың бірі жаңа айтып өткен мөр. Одан бөлек, мүсіндер жасаймыз. 1-2 суретші өздерінің көрмесі үшін мүсіндер жасатты».

Зейнет жасындағы шеберлер бос уақытын құр өткізбей, қоғамға пайдасын тигізуді көздейді. Сондықтан олар, қазақтың ұмыт болып бара жатқан ұсташылық дәстүрін жаңғыртып, тың туындыларды арнайы көрмелерге ұсынып келеді.