Түркістан облысында бірегей жылыжай кешені салынады

71

Түркістан облысында еліміздегі ең ірі жылыжай кешенінің негізі қаланды. Жаңа жоба 500 гектар аумақты қамтиды. Ерекше нысанның ашылуына инвесторлар мен облыс, аудан әкімі, тұрғындар қатысып, кешеннің капсуласы орнатылды. 

Келес ауданында 8 мың адамды жұмыспен қамтитын, 500 гектарлық өнеркәсіп алаңы бой көтереді. «ЭКО-культура» компаниясының қолдауымен салынатын еліміздегі ең ірі жылыжай кешенінің капсуласы қойылды. Бірінші кезекте оның 51 гектарына жылыжай салынады.

Бөрібек Нақыпбеков, Келес ауданының тұрғыны: «Істеліп жатқан істің бәрі халықтың игілігі үшін жасалып жатқан шығар. Басшылардың халықтың қамын ойлайды ғой. Аудан әкімі, облыс әкімі, инвесторлар келді. Жобамен таныстырды барлық жағдайды жасаймыз деді. Айлық 200 мыңнан жасаған жұмысына қарай 500 мың теңгеге дейін болатынын айтты. Құдай қаласа, игі іс жүзеге асады деп сенеміз»

Жылыжайлар кешені Голландиялық әдіспен жұмыс істейді. Бұл бастаманы қолға алған инвестор жоба жасақтап біткенше 4 жылдай уақыт кеткенін айтады. Сондықтан екі жақты келісім негізінде жаңа нысанның барлық мүмкіндігі сараланып, нақты жоспар құрылған.


Александр Рудаков, «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі директорлар кеңесінің төрағасы: «Бұл Қазақстандағы ерекше жобаның бірі. Оның маңыздылығы Түркістаннан облысының экономикалық жағдайын жақсартуға көмектеседі. Халықты тұрақты жұмыспен қамтимыз. Біз сырттан жұмысшы әкелмейміз. Осындағы жақын ауылдың тұрғындарына жұмыс жасауға мүмкіндік береміз. Біз мұнда қызмет ететін адамдар мен ресурс көп екенін білеміз. Сондықтан қолдауды жөн көрдік. Ал жоба проектігі Голландық кешен негізінде құрылды»

Мадияр Әшірбаев, Келес аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: «Салынатын жылыжай өндірістік. Бұл жәй жылыжай емес өнімділік көп болады. Дегенмен де өнім бағасы азық-түлік бағасын тұрақтандырып, халыққа тиімді бағада ұсынуға өз септігін тигізеді»

Жаңа жоба жүзеге асса аудандағы өндіріс көлемі артады. Сәйкесінше азық-түлік бағасының арзандауына септігін тигізеді. Кешеннің бірінші кезеңі 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған. Ал 2027 жылы толығымен ел игілігіне беріледі.