Түркістан: Жыл басталғалы 2 мың литрден аса заңсыз алкоголь өнімі тәркіленді

70

Түркістанда мемлекеттік бағдарламамен сатылатын үйлердің конкурсы талапқа сай өткізілмеген. Ал көлеңкелі бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер саны тиылмай тұр. Былтыр заңсыз әрекетке барған 56 кәсіптің жолы кесілді. Олар жасырын цех ашып, акцизсіз өнімдерді саудаға шығарған.

Былтыр күнгей өңірде 2 бірдей қаржы пирамидасы анықталып, 25 адам сотталған. Олар «Evolution Corporation» және «Индиго 24» атаулы компанияда қызмет еткен. Ал «7-20-25» бағдарламасы бойынша өткізілген 26 конкурс талапқа сай болмай шыққан. Тұрғын үй бөлімімен мемлекеттік қызметті көрсетудің мерзімдерін бұзу бойынша 103 дерек анықталып, шара көрілген.


Ержан Жүнісов, ҚР СЖҚІҚА Түркістан облысы бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы: «Нұрлы жер» бағдарламасы негізінде салынған 3 мыңнан аса пәтерді «7-20-25» бағдарламасы бойынша 26 сату конкурсы, атап айтқанда 2021 жылы 9, 2022 жылы 17 конкурс өткізген. Бұл конкурс ешқандай нормативті талапқа сай реттелмеген».

Өңірде сонымен қатар көлеңкелі бизнеспен айналысқан 56 азамат анықталған. Олардан 68 мың бөтелке алкогольді өнім тәркіленіп алынған. Сонымен қатар, 8 жасырын зауыттың жұмысы тоқтатылды. Дегенмен табысын жасырып, заңсыз әрекетке баратын кәсіпкерлер әрекеті тиылмай тұр.


Диас Тобатаев, Түркістан облысының экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 1-ші жедел басқармасының басшысы: «2023 жылдың 3 айында көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бойынша заңсыз алкоголь өнімін өндіретін 2 жерасты цехы, 2500 литр көлемінде алкоголь өнімі табылған. Тәркіленген дайын өнімді сақтауға арналған қойма, көлемі 1200 литрден астам этил спирті жойылған. Сонымен бірге контрабандалық тауарларға, қаржы пирамидаларына, заңсыз темекі айналымына қарсы күрес жүріп жатыр»

Өңірде орын алып жатқан «көлеңкелі экономиканың» салдарын саралаған облыс әкімі басқарма басшыларына заңсыз әрекеттің алдын алу шараларын жүргізуді тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Талдау барысында құрылыс саласында сыйбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауы жоғары екендігі анықталды. Осыған орай, тиісті басқармалармен бірлесе отырып, осы процестерді цифрландыру бойынша уәкілетті органға ұсыныс жолдансын. Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Басқа салалар бойынша сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар енгізілсін»

Ал биыл жанар-жағармайды көрші елге заңсыз өткізудің 38 дерегі анықталды. Олардан 11 тонна мұнай өнімі тәркіленіп, 1 млн. теңгеден астам айыппұл өндірілді. қазір мұнай өнімдерін заңсыз әкетуді болдырмау мақсатында шекара қатаң бақылауға алынды.