Заңсыз айналымнан 105 келі есірткі тәркіленді

51

Есірткіге құмарлық – қылмысқа итермелейтін бірден-бір ахуал екені мәлім. Енді «Трамадол» дәрілік-препаратын сатумен айналысатын тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауында тұрған бұл мәселе бойынша өңір көлемінде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабы тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.

Кезекті мәжіліс облыс әкімінің орынбасары, аталған штабтың төрағасы Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өтті. Жиынға Түркістан облыстық прокуратурасының басқарма бастығы Н.Боранбаев, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Қ.Сахов, департаменттің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы А.Әмірбеков, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаментінің 5-ші Басқармасының бөлім бастығы Н.Омаров және штаб мүшелері қатысты.
«Түркістан облысы аумағында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресудегі ішкі істер және басқа да мемлекеттік органдардың 2022-2023 жылдарға арналған профилактикалық бірлескен іс-шаралар жоспары», Жол картасы және медиа-жоспар бекітіліп, тиісті шаралар қолданылуда. Бұл жұмыстарды үйлестіру құқық қорғау органдары, адами әлеуетті дамыту, қоғамдық даму, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт басқармалары мен жергілікті әкімдіктерге жүктелген. Штаб отырысында жалпы 3 мәселе қаралып, жауапты мекемелер баяндама жасады.
Облыс аумағына есірткі заттарын алып кіру жолдарын анықтау және жолын кесу, шекара аумағындағы құқық қорғау органдарымен атқарылған іс-шаралардың барысы туралы мәселеге байланысты А.Әмірбеков хабарлама жасады. 2023 жылдың 3 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 158 дерек тіркелген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 42 дерекке өскен. Ал есірткі контрабандасы 7-ден 58 фактіге артқан. Заңсыз айналым барысында 105 кг 647 гр есірткі тәркіленді. 2022-2023 жылдарына арналған бірлескен профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, мектеп оқушылары мен студент жастар арасында 22 мыңнан астам қатысқан 44 нашақорлыққа және есірткіге қарсы шара өтізілген.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» облыс халқына наркологиялық көмек көрсетеді. Атап айтқанда, Шымкент қаласы аумағында орналасқан негізгі мекеме ғимаратында орналасқан науқастарға стационарлық емге арналған 130 төсек-орын қарастырылған. Оның ішінде 70-і ерікті емге арналса, 60-ы сот шешімімен мәжбүрлеп емдеуге қаралды.
Психикалық белсенді заттардан тәуелді науқастарға арналған медициналық оңалту бөлімшесінде – 15, Сарыағаш қаласында – 20, Түркістанда – 20 төсек-орын жасақталған. Аудандық медициналық ұйымдарда 20 психикалық денсаулық кабинеті жұмыс істейді. Облыс бойынша 37 дәрігер психиатр қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері 17 науқас қабылданған. Ал жалпы 56 науқас ем алуда. Түркістан облысының штаттан тыс бас наркологы Қ.Абеновтің айтуынша, мәжбүрлеп емдеуге қарағанда ерікті түрде келушілер қатары көп.
Соңғы мәселеге байланысты Түркістан және Кентау қалалары, Сарыағаш және Шардара аудандарының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың жұмыстары баяндалды.
Кемшілікке жол беріп, үйлестіру кеңесінің жұмысына салғырт қараған аумақтардағы жауаптыларға штаб төрағасы Б.Тәжібаев сын-ескертпелерді түзетіп, қоғамдық сауықтыру шараларын күшейтуді тапсырды.