Жантүршігерлік жол апатынан 18 жастағы қыз тірі қалды

409

Шымкентте болған қайғылы жол-көлік апатының егжей-тегжейін қалалық транспорт басқармасы мен автобус тиесілі «Shymkent bus» компаниясының өкілдері айтып берді. Жауаптылардың сөзіне сенсек, жүргізуші қоғамдық көлікті қол тежегішіне қоюды ұмытып, әжетханаға кеткен. Апат салдарынан бес адам қайтыс болды, тағы бір зардап шегуші ауруханада жатыр. Барлық емдеу шығыны мен қаза болғандардың еске алу шығындарын тасымалдаушы компания өз мойнына алады. 

«Күні кеше дәл осы Қ.Назарбеков және С.Бәйтереков көшелерінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Жүргізушісі жоқ автобус жолдың қарама қарсы бағытына шығып, 6 адамды қағып кетті. Салдарынан 2 әйел мен жасөсіпірім оқиға орнында тіл тартпай кетсе, ал төртінші адам жансақтау бөлімінде көз жұмды. Жапа шеккендер жаяу жүргіншілер жолағы арқылы жолдың келесі бетіне өтпек болған».

Жол апатының кадрлары бірнеше бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Автобус төменге қарай құлдилаған сәтте жылдамдығы артып, жолдың қарсы бетіне шығып, жаяу жүргіншілер өткеліне қарай беттейді. Куәгерлері апаттың өте қорқынышты болғанын айтады.

Досмұхан Нұрсейітов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз болғаннан кейін көрдік, осы жерде тұрамыз ғой, терезеден көргеннен кейін қыздарымыз айтты, осы жерден 5 минут алдын өткен еді қызым, звондап, «папа автобус үйге кіріп кетейін деді» деп қоңырау шалды. Жүгіріп келгенім сол, келсем, мына жерде адамдар жатыр екен. Енді бұл жерге барлығы келді, полиция қызметкерлері барлығы түгел осында болды, мына жерден автобусты алып кеткенге дейін, түнгі 1-2-ге дейін осы жерде жүрді».

«Шопыр қойып қойған деді, жүріп кеткен деді, тормозға қойылмаған ба білмеймін. Біреуі біздің көршіміз, тірі, аман. Қызыл пальтодағы,  ұшып түскен еді, Құдай қағыпты әйтеуір, аман-есен» — дейді қала тұрғыны Жұмагүл Тұрарова.

Бұл апаттан көз жұмғандар саны қазір 5-ке жетті. Ал алтыншы зардап шеккен 18 жастағы қыз қалалық клиникалық ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайы тұрақты екенін айтады.

Лаура Нахыпқызы, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі: «8 сәуір күні сағат 18:43-те жол апаты туралы жедел-жәрдем қызметіне хабар келіп түскен. Оқиға орнына 4 жедел жәрдем бригадасы барды. Зардап шеккендердің саны 6. 3 адам оқиға орнында көз жұмған. Ал үш азамат жағдайының ауырлығына байланысты жедел жәрдем қызметімен жақын маңдағы ауруханаларға жеткізген. Соның ішінде облыстық балалар ауруханасы мен перинаталдық орталыққа жеткізілген екі науқас реанимациялық көрсетілген шараларға қарамастан ауыр жарақат салдарынан көз жұмды. Ал қалалық клиникалық ауруханасына жатқызылған 2005 жылғы азаматшаның жағдайы бүгінде қалыпты. Нейрохирургия бөлімшесінде ем алуда. Науқас дәрігерлердің бақылауында».

АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ ҚАЙТА АТТЕСТАЦИЯДАН ӨТЕДІ – ТАЛАП КҮШЕЙЕДІ

Қайғылы оқиғадан кейін Шымкент қаласының жолаушылар көлігі басқармасының басшысы тасымалдаушы компания басшыларымен шұғыл кеңес өткізді. Мұхтар Қоқанбаев автобус паркі басшыларына жүргізушілерді қайта аттестаттаудан өткізу қажеттігін айтты. Жауаптылардың сөзінше, оқиғаға себеп болған автобус пен басқа да қоғамдық көліктер толық тексеруден өткен. Айта кетейік, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына тасымалдаушы компания барлық қажетті материалдық көмек көрсетеді.

Азат Қайыпбеков, «Shymkent bus» тасымалдаушы компаниясының директоры:  «Соңғы аялдамаға келген жүргізуші. Бір келіншек пен баласы мінейін деп тұрған. Үзілісінде тоқтай тұрып, «дәретханаға барып келсем бола ма?» деп, есігін сырттан құлыптаған автобустың, ручной тормозы болады ғой, автобусты өшірмей ручной тормозға қойғанына нақты көз жеткізбей тұрып, автобустан түсіп кеткен. Біз автобустың ішіндегі видеобейнелерді көрдік, автобус сол жерде шамамен 30-40 секундтай қозғалмай тұрған. Бірақ белгісіз себептермен 30-40 секундтан кейін жайлап астыға қарай түсе бастаған. Ручной тормозға қойылмаған, автобус адамдарды соғып болып, тоқтаған жерінде екі гражданский адам, екі жігіт келіп, автобустың есігін ашып көрген. Одан кейін жүргізуші жүгіріп келіп, ручной тормозға созылып, кейінірек барып, тартып қалған».

Мұхтар Қоқанбаев, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Бұдан кейін тасымалдаушыларға талап қатты күшейтіледі. Осы жерде барлық тасымалдаушы қатысып отыр. Бізде қалада тасымалдаумен айналысатын 10 компания бар. Рейдтік іс-шара ұйымдастырамыз. Кезектен тыс аттестация өткізу керек, шұғыл түрде, барлық жүргізушілерге».

Алты адамды қағып кеткен автобустың жүргізушісі тергеу изоляторына қамалды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қоғамдық көліктің жарамдылығын тексеруге техникалық сараптама тағайындалды.

Ал әлеуметтік желіде бұл апаттан кейін мегаполис тұрғындары кондукторларды қайтару мәселесін көтере бастады. Дегенмен, транспорт басқармасының басшысы кондукторсыз жүйе өз күшінде қалатынын айтты.