Бүгінде алаяқтықтың сан алуан түрі «гүлденіп» тұр. Әсіресе жүргізуші куәлігін алғысы келетін, бірақ көлік жүргізу емтиханын оқығысы келмейтіндер алаяқтардың «жеміне» айналуда. «Ешқандай емтихансыз, көлік жүргізу куәлігін әперемін» деп тұрғындарды алдап, заңсыз ақша алғандар саны азаймай тұр.
Алаяқтар аталған куәлікті заңды түрде алып беремін деп сендіреді. Алайда елімізде жүргізуші куәлігін сатып алудың заңды болуы тіптен де мүмкін емес. ҚР Қылмыстық кодексінің 383-бабына сәйкес, ресми құжаттарды сатып алу немесе сату үшін 120 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған.
Жүргізуші үшін жол ережелерін білу басты талап болуы тиіс. Одан бөлек, жүргізуші куәлігін заңды түрде автокөлік жүргізу ережелері мен техникасын үйреніп, теориялық және практикалық бөлімдерден тұратын емтихан тапсыру арқылы алуға болады. Содан кейін мамандандырылған ХҚКО-ға сұратылған құжаттар пакетін тапсыру және 1,25 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж төлеу қажет. Алайда заңды белден басып, «аңқау елге арамза молданың» кейпіне енгендер оңай олжаға кенелгісі келіп, талайларды сан соқтырып жүр.