Әлеуметтік дүкендерге қырыққабаттың келісі 80 теңге

43

Шымкентте әлеуметтік дүкендер саны артып келеді. Онда күнделікті тұрмыста қолданатын азық-түлік түрлері арзан бағада сатылымға шығарылған. Атап айтқанда тұз 48 теңге, нан 90 теңге, қырыққабаттың келісі 80 теңге тұрады.

Асарлық тұрғын Диана Қалметова 5 баланың анасы. Ол күнделікті азық-түлік өнімдерін Шымсити шағынауданына келіп, әлеуметтік дүкеннен сатып алады екен. Себебі ол мұндағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы базардағыдан арзан екенін айтады.


Диана Қалметова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қымбатшылық кезінде әлеуметтік тауарлар өте керек. Қаппен алсақ та болады. Бірақ осылай үйімнің жанынан алып кеткен маған тиімді. Мысалы басқа дүкенге барғанда 5000 теңгем кетеді. Ал кеше осында келіп 2300 теңгеге біраз зат алып кеттім».

Ал «Маркет» дүкендер желісі халық көп тұтынатын тауарларларды арзандатылған бағада сата бастағанына 1 жыл болған. Мұнда қырыққабаттың килограммы 80 теңге, ұнның 1 килосы 175 теңге, 1 литр сұйық май 750 теңгеден сатылады. Сондықтан бұл тауарлар күнделікті тез таусылып кетеді екен.

Ақерке Байтұрсынова, «Маркет» дүкендер желісінің басшысы: «Тұтынушылар көбейіп жатыр. Әр келген сайын тауарлар тез өтіп кетеді. Күнделіктісін күнде сатып алып кетеді. Күндегісін күнде жаңартып отырамыз. Бізге тиімді. Әр квартал сайын бағасы бекітіліп тұрады. Бізге 1 баға бекітіледі. Біз сол бағаны бір қалыпта ұстап отырамыз. Халыққа тиімді болу үшін»

Жауапты мамандар баға тұрықтылығын сақтау маңызды екенін айтады. Ал бағаны бақылау үшін кезең кезеңімен мониторинг жасап отырады. Әлеуметтік тауар бағасы сұранысқа қарай әр тоқсан сайын жаңадан бекітіледі.

Жандос Қаниев, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы: «Бұл жерде 11 түрлі тауар бар. Етпен 12. Ет арғы жақта орналасқан. Барлығын бекітілген бағада сатып жатыр»

Кәсіпкерлерге бағаны тұрақтандыру мақсатында 0,1 пайызбен айналым қаражаты беріледі. Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін нарық бағасынан төмен соммада сатылымға шығаруға мүмкіндік жасалып отыр.