Шымкентте мектептердегі компьютерлер мен ноутбуктерге арнайы бағдарлама орнатылып, балалардың TikTok, Теlegram сынды әлеуметтік желілерге кіруіне шектеу қойылады. Бұл туралы қаланың бас педагогы мәлім етті. Шектеу шараларының басты мақсаты — мектеп оқушылары арасында әлімжеттік пен бопсалау фактілерінің алдын алу.
Мегаполисте білім ордаларындағы компьютерлер мен ноутбуктерге арнайы бағдарлама орнатылып, оқушылардың TikTok, Telegram сынды әлеуметтік желілерде сағаттап отыруына шектеу қойылады. Басты мақсат — бала қауіпсіздігі. Жасыратыны жоқ, бүгінде мектеп қабырғасында оқушылар физикалық және псиxологиялық әлімжеттіктің құрбаны болатын жағдайлар кездесетіні құпия емес.
БҰҰ жанындағы ЮНИСЕФ қорының баяндамасында әлемде әр төртінші оқушы мектептегі әлімжеттіктің құрбаны болатыны айтылған. Ал қазақстандық forbes.kz сайтының мәліметіне сенсек, 11-15 жас аралығындағы оқушылардың 33%-ы, яғни 1/3-і мектепте өз қатарластарынан қысым көреді. Републикалық маңызы бар қалалар қатарындағы Шымкентте де балалар арасында интернетке тәуелділік, әлеуметтік желіде көргенін қайталау белең алуда.
Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Оқушы үйінде интернетке еркін кірсе, мектеп қабырғасында шектеу бар. Біз арнайы бағдарлама сатып алып, мектептегі ноутбук пен компьютерлерге орнатудамыз. TikTok, Telegram-ға кіруіне шектеу қойылады».
Буллинг деп аталатын құбылысты ғалымдар 1978 жылдан бастап әлемде зерттей бастаған. Ең шарықтау шегі 3-6 сыныптарда болады екен. Балалардың бір-біріне қарсы шығып, топтасып, қысым көрсетуі мектеп жасына дейін де пайда болып, жоғары сыныптарда да жалғасады. Мамандар, бұл құбылысқа ата-аналар немқұрайлы қарамай мектеппен бірге баланы ғаламтордың пайдалы тұстардын тиімді қолдануға, жат дүниелерден бойын аулақ ұстауға үйретуі керек деп есептейді.
Бүгінде осы тақырыпты зерттеп жүрген мамандар ақылы жеке мектеп болса, буллинг болмайды деп ойлау қате екенін айтады. Себебі дәл сондай арнайы мектептерде бәсекелестік жоғары болып, оқушылар бір-бірімен жарысып, түрлі жолдармен абыройға, басқалардың алдында жоғары бағаға жетуге тырысатынын айтады.
Дегенмен мамандар күшпен, мазақпен, қорқытумен жоғары көтеріле алам деп ойлайтын оқушымен сынып жетекшісі, ұжым, ата-ана дер кезінде жұмыс жүргізсе, белгілі бір оң нәтижеге қол жеткізуге болады деп отыр.