Д.Сатыбалды облыстағы залалсыздандыру жұмысын сынға алды

29

 

Соңғы кездері Түркістан облысында шіркей қаптап, бұл жағдай тұрғындардың басты проблемасына айналды. Залалсыздандыру жұмыстары жүргізілсе де, азаматтардың шағымы тоқтаған жоқ. Осылай деген облыс әкімі Дархан Сатыбалды тиісті басқарма басшысын мардымсыз жұмысы үшін қатаң сынға алды. Сондай-ақ нақты тапсырмалар жүктеді. Түркістандықтар шіркейден қалай және қашан құтылмақ?

Түркістанда шіркейге қарсы күрес жүргізе алмаған басқарма басшысына заң бойынша шара қолданылады. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтты. Өңір басшысы химиялық өңдеу жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмегенін айтып, кемшілікке жол берген жауаптыларды қатаң сынға алды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Жыл басталмай жатып, шыбын-шіркеймен күреске сақадай сай болу қажеттігі сан рет ескертілді. Ерте басталып, есептеріңіз рас болса, ендеше тұрғындар тарапынан неге шағым көп? Шұғыл түрде зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинсекциялау жұмыстарын сапалы жүргізуді, оның барысын бақылауды күшейтуді тапсырамын. Мәселе қатаң бақылауда. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы апта сайын баяндалсын»

Жалпы биыл облыста 7 мың гектардан астам аумақ залалсыздандыру қажет орын деп белгіленген. Биыл бұл мақсатқа 644,4 млн. теңге бөлініп отыр. Ал наурыз айынан басталған дензинфекция шараларына 62 техника мен 77 адам, ғылыми зерделеу жұмыстарына 10 адам жұмылдырылған.

Сәкен Дәлиев,Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Сырдария өзені бойымен Көксарай су реттегіш қоймасы маңындағы елдімекендерде соңғы 3-4 жылда шіркейлердің көбею жағдайы орын алуда. Дезинсекция жүргізу аймақтары ретінде Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Сауран, Отырар, Шардара аудандары белгіленген».

Алдағы уақытта шіркейлердің санын азайтудың тиімді әдісі ретінде Сырдария өзеніне биологиялық препаратпен өңдеу әдісі қолданылады. Мамандардың айтуынша, бұл – өзеннің флорасы мен фаунасына қауіп төндірмейді. Тек жәндіктердің санын азайтуға бағытталған.