Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысы өтті. Жиында бірқатар халық қалаулылары үкіметке депуттатық сауал жолдады. Бірі студенттердің жатақхана мәселесін көтеріп, олардың пәтерақысын субсидиялау қажет десе, енді бірі оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған отбасылардың жайына алаңдаушылық білдірді.
61 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж. Мәжіліс депутаттары егер тиісті шара қолданылмаса бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 364 мыңнан асады деп отыр. Сондықтан халық қалаулысы Ислам Сұңқар Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке студенттердің пәтер ақысын субсидиялау бойынша депутаттық сауал жолдады. Сонымен қатар ол студенттерді бір адамға арналған 6 шаршы метрден 4 шаршы метрге орналастырудың санитарлық нормаларын қайта қарау қажеттігін айтты.
Ислам Сұңқар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Біз халықаралық тәжірибені де зерделедік. Ұлыбритания, Германия, Австрия, Финляндия сынды бірқатар Еуропа елінде студенттерге жалға берілетін жылжымайтын мүліктің барлық санаты бар. Арнайы жабдықталған пәтерлер 3-7 студенттің бірге тұруына лайықталып, жатақханаға айналған. Біз осындай пәтерлерге инвестиция салуға жеке инвесторларды қызықтыру қажет деп санаймыз. Сондықтан министрлікке студенттердің пәтерде бірге тұруын субсидиялау тетігін қайта қарауды ұсынамыз. Біріншіден, пәтерді қайта жабдықтау шығынын субсидиялау мәселесін қарастыру. Екіншіден, жатақханаға мұқтаж барлық студенттің пәтерде бірге тұруы үшін жалдау шығынын субсидиялау қажет».
Ал депутат Айна Мысырәлімова университеттердің лицензиясын қайтарып алу жұмысын жалғастыруды ұсынды. Осыған дейін Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында жоғары оқу орындары мен колледждердің лицензияларын кері қайтарып алуға байланысты бірқатар жұмыс жүргізілген еді. Қазір бұл саябырсып қалды деген халық қалаусы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке сауал жолдады.
Айна Мысырәлімова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан 2022 жылы университеттерді тексеруге осыған орай қанша бастамашылық жасалды? Қандай заң бұзушылықтарға байланысты қанша лицензия қайтарып алынды? Дайындық бағыттары мен жоғары білім беру жүйесінде ЖОО-дың қолда бар лицензияларын кері қайтарып алуға байланысты ақпарат қолжетімді және ашық болуы керек. Сонымен қатар жоғары білім беру жүйесін цифрландыру жұмысын аяқтау қажет және лицензиялау туралы шешім қабылданғаннан кейін тиісті ақпаратты міндетті түрде жариялай отырып, берілетін жаңа лицензиялар бойынша жұмыстың жұртшылық үшін ашықтығын қамтамасыз ету қажет».
Сонымен қатар Мәжіліс отырысында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған отбасылардың да мәселесі көтерілді. Ресми статистикаға сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысының өзінде-ақ миграция сальдосы теріс мәнге ие. Соңғы жылдары оңтүстік аймақтан көшіп келген 600 адам бұл облыстан қайта көшіп кеткен. Осыны ескерген депутттар жұмыс орындарының санын көбейту мақсатында кәсіпкерлерді көшіруге ықпал ету немесе жас кәсіпкерлерді қызықтыратын арнайы өңірлік бағдарлама әзерлеу қажет деген ұсыныс білдірді.