Úı Jańalyqtar Мәдениет саласының үздіктері марапатталды

Мәдениет саласының үздіктері марапатталды

Шымкентте Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай мерекелік жиын өтті. Басқосуда ел және қала мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген сала мамандары марапатталды. Үздіктер ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі және алғыс хатына ие болды.

Бибінұр Шымырқұлова 23 жылдан бері мәдениет саласында қызмет етіп келеді. Алғаш жұмысын Жұмат Шанин атындағы театрда режисердың көмекшісі болып бастаған. «Әр адам өз мамандығын сүйіп таңдаса, ол салаға өмірінің соңына дейін қалтқысыз қызмет етеді» деген ұстанымды ұстанған жан 10 жылдан астам уақыттан бері қалалық әзіл-сықақ театрында жұмыс істейді. Мерекеге орай «Мәдениет саласының үздігі» атағын алған ол – бұл марапат зейнетке шығар жасымда керемет сыйлық болды дейді.

Бибінұр Шымырқұлова, Шымкент қалалық әзіл-сықақ театрының труппа меңгерушісі
«Мен өнерді өте жақсы көремін. Әр адам өз қызметін жақсы көрсе, сүйіп еңбек етеді деп ойлаймын. Мен бүгінгі мерекеде өте қуаныштымын. Мен өте ризамын осылай құттықтап жатқанына, әріптестерімді де құттықтаймын! Бұл төсбелгіге бәр де лайықты. Мұндай марапат әр кісіге керек-ақ деп ойлаймын. Бір жағынан ол қолдау көрсетеді, бір жағынан күш-жігер береді деп ойлаймын. Істеп жатқан жұмыстарын алға, шығармашылық табыстарға, жоғары деңгейге жетелейді деп ойлаймын».

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында мерекелік іс-шара өтті. Жиында ел мәдениетінің дамуына үлес қосып келе жатқан майталмандар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атынан «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі және алғыс хатымен марапатталды.

Қуаныш Асылов, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Қала халқының мәдениетін арттыру мақсатында көптеген мәдениет ошақтары қайта жаңғыртылды. Жалпы 13 кітапхана, 1 музей, 1 архив мекемелері модернизацияланып, көрме орталығына жаңа құрылыс жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне пайдаланып келеді.  Осынау айтулы мерекеде сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін! Қымбатты мәдениет майталмандары, мерейлеріңіз үстем, мерекелеріңіз құтты болсын!»

Жалпы Шымкент қаласында мәдениет саласында 21 мекеме, 2000-ға жуық маман қызмет етіп келеді. Өнер саласының қызметкерлеріне арналған кеште мәдениет мекемелерінің далалық көрме инсталяциясының таныстырылымы өтті. Ал іс-шара «Оркестрлер шеруі» музыкалық композициясымен жалғасын тапты.

Гүлдана Дәурен

Exit mobile version