Мақтааралдық тұрғын депутатты қызметкерімен бірге көлікпен қағып кетті

185

Мақтааралдық тұрғын депутат пен халық қалаулысы басқаратын мекеме қызметкерін көлікпен қағып кетті. Оқиға күні кеше Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакентте орын алған. Әлеуметтік желіде видеосы шарлап кеткен жағдай туралы Мақтаарал ауданының баспасөз қызметі ресми хабарлама жолдады.

«Мырзакент қызмет» МКК — аудан орталығы Мырзакент кентіндегі орталық алаңды көгалдандырумен және абаттандырумен айналысып, тазалығына жауап береді.

          Бұған дейін тұрғындар тарапынан орталық алаңның гүлзарында ЛЭД экранның, скамейкалардың сынуы және жаңадан егілген көшеттердің, гүлдердің, фонтандардың бүлінуі орын алған. Осыған байланысты МКК тарапынан арнайы күзетшілер қойылып, тәртіпті қадағалау мақсатында жиі рейдтер ұйымдастырылады.

          13.05.2023 жылы 20:00-дер шамасында рейд жүргізу барысында азамат Абай Достаев отбасы мүшелерімен бірге орталық алаңда доп ойнап жүргені және доп ұшып барып жаңадан егілген гүл көшеттерін бүлдіріп жатқаны анықталды.

          МКК қызметкері, алаңға қарауыл Талғат Дәкенов аталған азаматқа бірнеше рет ескерту жасағанына қарамастан, әрекеттерін жалғастыра береді. Осы аралықта «Мырзакент қызмет» МКК директоры әрі аудандық мәслихаттың депутаты Тимур Адамбеков және  «Мырзакент қызмет» МКК-ның тағы бір қызметкері Тахир Жусупбаев  оқиға орнына келіп, азамат Абай Достаевқа түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

          Түсіндіру барысында Абай Достаев тарапынан МКК қызметкерлеріне балағат сөздер айтылып, жанжал орын алады.

          Видеода МКК директоры әрі аудандық мәслихаттың депутаты Т.Адамбеков   қос тарапты ажыратуға тырысады. Осы аралықта Т.Жусупбаев  А.Достаевқа соққы жұмсап үлгереді. Ашуға берілген А.Достаев рұқсат етілмеген орталық алаңға кіріп, қасақана түрде МКК қызметкерлерін 3 рет көлігімен соғады.

          Қазіргі таңда МКК қызметкері Т.Жусупбаев Мырзакент орталық ауруханасының хирургия бөлімінде ота жасалуда.

          Аталған факті бойынша Мақтаарал аудандық полиция бөлімі тарапынан тіркеуге алынып, тергеу амалдары жүргізілуде», — делінген хабарламада.