«Қазығұрт» кеден бекетіндені кептеліс мәселесі қолға алынды

29

«Қазығұрт» кеден бекетінде кептеліс мәселесін шешу бойынша комиссия құрылды. Мемлекеттік кірістер комитеті, Шекара қызметі және Сыртқы істер министрлігі өкілдерінен жасақталған жұмыс тобы қазақ-өзбек шекарасына барып, көрші елдің уәкілетті мемлекеттік органдарымен шұғыл жиын өткізді.

Тараптар туындаған проблеманы өзара шешу үшін келісімге келіп, бірқатар шешім қабылданды. Көліктер ағыны қайта бөлініп, өткізу пункттері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Айта кетейік, жыл басынан «Қабланбек» кеден бекеті модернизациялауға жабылып, салдарынан жүк көліктері кептелісте ұзақ тұруға мәжбүр.

Сапарбек Ергешов, жүргізуші: «Өзбекстан жағы да, Қазақстан жағы да осындай кептеліс болып тұр. Екі кеденнің қызметін бір кеден атқарғаннан кейін сондай болады. Алдын 50 көлік жиналатын жерге 150 көлік жиналып тұр да бұл жерге»

Қазіргі таңда «Қазығұрт» кеден бекеті де қайта жөндеуден өтіп жатыр. Дегенмен, жауаптылар құрылыс жұмысы бекеттегі көліктердің шекара асуына кедергі еместігін айтады. Ал кептелістің туындауына Өзбекстаннан жеміс-жидек тасымалдау көлемі ұлғаюы, Ресейге транзитпен жөнелтілетін өнімдердің көбеюі себеп дейді. Енді жүк көліктерін жедел өткізу шаралары қолға алынды.

Елдос Саудабаев, ҚР ҚМ МКК Кедендік бақылау департаментінің директоры: «Іштегі бизнес процесті өзгерттік. Және де осы жаққа адамдар қостық. Құзыретті органдардың машиналарды қарайтын, тексеретін жағдайларды біріктіріп, шекара қызметімен біз досмоторларды біріктірдік. Солардың барлығын біріктіріп, көлік құралдарын 300-ге дейін өткізуге қазір мақсат қойып отырмыз».

Гүлдана Дәурен