Шымкентте әкімдік тарапынан рұқсат етілмеген үйлер сатылымға шыққан. Жауаптылар тұрғындарды мұндай компаниялардан аулақ болуға шақырады. Сондай-ақ пәтер сатып алар алдында ең алдымен рұқсат қағазын талап ету қажет дейді. Қазірдің өзінде қалада заңсыз әрекет еткен 20-дан астам компания жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады.
Шымкентте 18 құрылыс компаниясы рұқсат етілмеген үйді сатпақ болған. Бұл 2021-2022 жылдар аралығында прокуратураның Крыша.кз бағдарламасына мониторинг жүргізу барысында анықталды. Олардың әрқайсысына үлескерлердің қаржысын заңсыз алғаны үшін 300 АЕК көлемінде, яғни 900 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Нұржан Төребаев, Шымкент қаласы ррокурорының аға көмекшісі:
«Үлескерлік қатысу үш түрлі жолмен жүргізіледі. Заңға сай кепілдік беру қорынан кепілдік алу жолымен, екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу арқылы, тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылған нысандар бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен жүргізіледі».
Жауаптылар қала тұрғындарын рұқсаты бар компаниялардан ғана үй алуға шақырады. Яғни, баспана алғыңыз келсе, ең алдымен, мердігер мекеменің әкімдіктен алған рұқсатын талап ету қажет дейді. Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы заңсыз әрекет еткен кәсіпкерлер жауапсыз қалмайтынын айтады. Ал үлескерлердің құқығы заң аясында қорғалады.
Нұрбол Жүнісбеков, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары: «Үлескерлердің ақшасын тартып алуға құқығы жоқ. Алдағы уақытта осындай келеңсіз жағдайға тап болмас үшін осындай фирмаларға ақша салмауға шақырамыз. Әр фирмаға барған кезде үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты бар, жоғын пәтер сатып алушылар талап етсе деген ойымыз бар».
Қалалық орта сапаны дамыту басқармасы да 4 компаниядан заң бұзушылық анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартыпты. Заң аясында жұмыс істемеген мекемелерге 300 АЕК айыппұл салынған. Жауаптылар алдағы уақытта да мониторинг жұмыстары тоқтамайтынын алға тартты. Мамандар, кез-келген азаматтың құқығын қорғауға дайынбыз дейді.