Шымкентте ерекше спектакль-концерт көрермен назарына ұсынылды

47

Шымкентте 9 мамыр Жеңіс күніне орай «Күткен күн» атты спектакль-концерт көрермен назарына ұсынылды. Мерекелік қойылым Халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің “Күткен күн” романы желісімен әзірленген.

Соғыс жылдарындағы ел тағдырын сахналаған спектакль-концерттің басты рөлінде Мәдениет саласының үздігі Бағлан Иманғазинов, театр жетекшісі Айгүл Иманбаева және “А. И» театрының актерлері өнер көрсетті.

Шымкент қаласында Жеңіс күні мерекелік шарасы ерекше қойылыммен жалғасын тапты. Мегаполисте алғаш рет спектакль-концерт сахналанды. Қала тұрғындары мен қонақтары ашық аспан астында Ә.Нұрпейісовтің «Күткен күн» романы желісімен сахналанған қойылымды тамашалады.

Бағлан Иманғазинов,  «А.И» театрының әртісі: «Бұл ешқашан өлмейтін тақырып шығар. Қазір біздің ардагерлеріміз де санаулы қалды. Сол Ұлы Отан соғысында біздің ұрпақтарымызға, бізге бейбіт күнді тарту етіп кеткен аталарымыздың аруақтарына бағышталады. Көбінесе сол жағына күш салады сюжетінде».

Шымкенттіктерге мерекелік спектакль-концертті Айгүл Иманбаева жетекшілік ететін өнер ұжымы «А.И.» театры ұсынып отыр. 1941 жылы соғыс өртінің тұтануынан бастау алған оқиға желісі толық отбасының қайғысын қамтиды. Қойылымда халықтың сол сәттегі тұрмысы, жастардың патриоттық рухы сахналанады.

Айгүл Иманбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: «Берері бар, айтары бар, толыққанды дүние. Сюжеттік желісі бар, оқиғасы бар. Бір отбасынан шығарып салған бір ұл – соғыстан қайтпайтын оқиғаға құралған, арасында махаббаты бар, күту бар, анасының зары бар дегендей».

Қойылым барысы тек соғыс кезеңіндегі қайғылы оқиғалармен ғана шектеліп қойған жоқ. Спектакль-концерт бағдарламасында көңілді әуендер де орындалды. Сондай-ақ, ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева Әлия Молдағұлованың рөлін сомдап, батыр аруға арнап ән шырқады.

Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі: «Шымкент әкімдігі қолдап, біз халыққа көрсеттік. Халық өте риза болды. Халықтың барлығы біледі, біздің тарихымызды, біздің жауынгерлерімізді. Біздің Отан қорғаушыларымыз – олардың күннен-күнге саны азайып бара жатыр. Сондықтан біздің жастарға, жасөспірімдерге біз осы тарихымызды жеткізуіміз керек. Патриоттық үлкен рух беретін осындай бағдарламаларды көбірек көрсетсек нағыз патриоттарды тәрбиелейміз».

Жалпы мұндай форматтағы спектакль-концерт Шымкент қаласында алғаш рет сахналапы отыр. Қойылымның сюжеттік желісіне форматының өзгеруіне байланысты бірқатар өзгерту мен толықтырулар енгізілген дейді ұйымдастырушылар. Ал халықтың көңілінен шығу үшін спектакль-концертте 60-қа жуық әртіс өнер көрсетті.

Гүлдана Дәурен