Шымкентте неке түнінде әйелін өлтірген ер кісіге үкім шықты

2208

Шымкентте неке түнінде әйелін ұрып өлтірген ер кісі сотталды. Сотталушыға үкім қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында оқылды.

Қалалық соттың мәліметінше, ер адамға Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігімен айып тағылған. Оның қылмыс жасаудағы кінәсі сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жинақталған дәлелдемелермен расталған. Сот оны кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушы жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, қанды оқиға өткен жылдың 26 маусымында Д.Қонаев гүлзарындағы пәтерде болған. Некелерін қидырған ерлі-зайыптылардың арасында жанжал болып, 38 жастағы ер кісі әйелін соққыға жыққан. Ауыр дене жарақатын алған 32 жастағы әйел көз жұмды. Марқұм Н.Назарбаев зияткерлік мектебінде мұғалім боп жұмыс істеген.

Қоғамдық резонанс тудырған оқиға бойынша қайтыс болған әйелдің анасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұраған болатын. Қызынан айырылған ананың айтуынша, қанды қылмыстың орын алғанына екі айға жуық уақыт өтсе де күдікті болған күйеу баласы ұсталмаған. Кейінірек Полиция департаменті ер кісіге халықаралық іздеу жарияланғанын мәлімдеді. Дегенмен қайтыс болған әйелдің анасы Мемлекет басшысынан көмек сұрап, видеоүндеу жарияланған соң полицейлер көп ұзамай күдіктіні ұстады.

Марқұм әйелдің анасы күйеу баласына берілген жазаның тым жеңіл болғанын алға тартып отыр.