Шымкентте үздік әрі үлгілі отбасын анықтау мақсатында байқау басталды. Қазір өтінім қабылдау жүріп жатыр. Іріктеуден өткен отбасылар жыл соңына дейін түрлі турларға қатысуы керек. Ал жүлде қоры қомақты дейді ұйымдастырушылар.
Отағасы полицей, отанасы дәрігер. 4 перзент тәрбиелеп отырған Қалымбетовтер отбасы бүгінде тату-тәтті өмір сүруде. Айтуларынша, берік некенің басты құпиясы-бір-бірін тыңдап, сыйлау білуінде.
“Үздік отбасы” байқауының қатысушылары 14 жылдан бері бір шаңырақ астында өмір сүріп келеді. Байқауға қатысу үшін де бірге шешім қабылдапты.
Мақсат Қалымбетов, “Үздік отбасы” байқауының қатысушысы: “Отбасы – басты құндылық. Бұл – берік шаңырақ, балалар бұл – біздің тірегіміз бен тірегіміз, бұл – біздегі ең қымбат нәрсе. Отбасы — бұл бүкіл әлем. Барша шымкенттіктер бір-бірін түсінсе екен деймін”.
Түсіну, сүю және бағалау. “Үздік отбасы” байқауының негізгі шарты осы. Жыл соңына қарай әділ-қазылар алқасы жеңімпазды анықтайды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов таңдау қиын болатын сияқты дейді.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Отбасының беріктігі оның әлеуметтік жағдайымен ғана өлшенбейді. Сондықтан, отбасы институтын қолдау тек мемлекеттің, мемлекеттік органдардың міндеті деп қарауға болмайды. Мемлекеттен қаншама қолдау болғанымен адам өз отбасын сақтап, дамытуда жауапкершілік сезінбесе, миллиардтап бөлініп жатқан қаржы мен мемлекеттің қамқорлығы түкке де тұрмайтынын түсінуіміз қажет. Баршамыз күш біріктіре отырып, жас ұрпақты өз отбасына жауапкершілікпен қарайтын азамат етіп тәрбиелеп шықсақ, нағыз үлкен жетістік сол болмақ. Өйткені, отбасына жауапкершілікпен қараған азамат Отанына да адал қызмет етеді».
Финалға кімдер өтетіні, қандай шарттар болатыны және қатысушылардың неше этапты бағындыратыны әзірге белгісіз. Ұйымдастырушылар мұны құпия сақтап отыр. Белгілісі Шымкенттің үздік отбасы атануға үмітті шаңырақ саны 100-ден асады.