Шымкентте жолға таласқандар ер адамды соққыға жыққан

82

Шымкентте ер адамды белгісіз біреулер жол бойында соққыға жыққан. Бірақ, арадан бір апта өтсе де әлі шабуыл жасағандар табылмады. Оқиға 28 сәуір күні орын алған. Жәбірленушінің сөзінше, жанжал жолға таластан шыққан. Тоқтап, сөйлеспек болған сәтте әлгі көлік жүргізушісі бірден жұдырық ала жүгірген. Ауыр соққыдан ер адамның миы шайқалып, оған бас сүйек-ми жарақаты диагнозы қойылған.

Бұл видеода 4 ер адам бір нәрсені қызу талқылап жатқанын байқауға болады. Дәл осы кезде біреуі жұдырығын ала жүгіріп, Леңгер қаласының тұрғыны Евгений Мельниковті соққыға жықты. Қатты соққы салдарынан жерге құлаған ер адамға жабық бас-сүйек ми жарақаты және ми шайқалу диагнозы қойылды. Жәбірленуші оқиға болған 28 сәуір күні достарына бара жатқан. Кенет «Жигули» автокөлігінің жүргізушісі жолды кес-кестеп, жүруге кедергі келтірген. Себебін сұрамақ болғанымен, одан ешқандай нәтиже шықпапты.

Евгений Мельников, жәбірленуші: «Терезені ашып сөйлесейік деді, тоқтадық, досыммен көліктен түсіп, сөйлесуге бардым. Бірақ, олар бірден боқтап сөйлей бастады. Мен оларға көлікте кішкентай бала бар екенін айтып, мәдениетті сөйлеуін өтіндім. Бірақ, бір уақытта ес-түссіз қалдым. Әйелім 4 минут бойын ес-түссіз жатқанымды айтты. Сайрам тас жолында көзімді аштым, содан кейін біз достарымызға келіп, патруль шақырдық».

Жол бойында шабуыл жасағандар екінші адамды да соққыға жыққан, бірақ ол ауруханаға бармапты. Ал Евгений қазір ем қабылдап жатыр. Соққыға жыққандар болса сол мезетте оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленушінің әйелі полицяға арыз жазғанымен, олар ешқандай әрекет жасамай отыр дейді. Тіпті, видеода көліктің мемлекеттік нөмірі көрінсе де күдіктілер әлі құрықталған жоқ деп наразы.

Лилия Мельникова, жәбірленушінің әйелі: «Біз арыз жаздық, олар бізге ештеңе айтпады. Тіпті бізге өтінішті қабылдағаны туралы талон да бермеді. Қанша уақыт кететінін де айтқан жоқ, бәріміздің жүйкеміз тозды, олар табылса не істерімізді білмейміз, осы істі көпшілікке жария еткіміз келеді, бәлкім сонда олар табылып, тиісті жазасын алар дейміз».

Полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленушінің арызы қабылданған. Бірақ бір аптаға жуық уақыт өтсе де Евгений Мельниковқа жұдырық жұмсағандар әлі табылмапты.

Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі:
«28.04.2023 жылы сағат 21:00 де Шымкент каласы ПД Еңбекші АПБ-ның, 102 сымтетігі арқылы, Шымкент қаласы, Ленгір тас жолы, «Сауран» атты демалыс орнына қарама-қарсы жол бойынан Мельников Евгенийден хабарлама келіп түскен. Ол өзінің арызында жоғарыда көрсеткен мекен-жай бойынша жол бойында белгісіз ВАЗ Лада 2114 кара түсті автокөлігімен жолға таласып, араларында бас араздық туындағанын, содан автокөліктен сөйлесу үшін қастарына барған сәтте белгісіз екі тұлғаның біреуі жақ тұсынан жұдырықтап тұрып соққы бергенін айтып көрсеткен. Қазіргі таңда екі белгісіз тұлғаны анықтау жедел іздестіру шаралары жүргізілуде».

Айта кетейік, медициналық сараптама жәбірленуші ауруханадан шыққаннан кейін тағайындалады.