Шымкенттегі бес аудандағы аудандық сот бірікті. Бұл туралы қалалық сотта өткен брифингте мәлім болды. Осылайша Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты және Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты болып қайта құрылды. Өзгеріске сай ауданаралық сот мекенжайы да ауысқан.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Желтоқсан көшесіндегі, №1, мекенжайы, яғни, бұрынғы Еңбекші аудандық сотының ғимаратына және Ш.Қалдаяқов көшесіндегі, 7 А, бұрынғы Абай аудандық сотының ғимаратына жайғасады. Ал сот кеңсесі, талап, арыз, шағым, жалпы құжаттарды қабылдау бұрынғы Еңбекші аудандық сотының ғимаратында, Желтоқсан көшесі №1 мекенжайында орналасады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, қалада орналасқан сот ғимараттарының мекен-жайы да ауысады. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьялары мен кеңсесі Тыныбаев көшесіндегі, №42 ғимаратында орналасады.
Қалалық мамандандырылған ауданаралық Әкімшілік соты мен Экономикалық соты өздері отырған Тыныбаев көшесіндегі №42 ғимараттан көшіп, бұрынғы Әл-Фараби аудандық сотының Майлықожа көшесіндегі №7 ғимаратына барып орналасады.
Шымкент қаласының мамандандырылыған Тергеу соты өзі отырған К. Тоқаев көшесіндегі №17 ғимараттан көшіп, Тыныбаев көшесіндегі, №42 ғимаратқа жайғасады. Аталған соттардың жайғасатын ғимараттары материалдық техникалық жағынан толық қамтылған. Сонымен қатар процесстердің өтуіне барлық жағдай жасалған.
Ал әкімшілік айыппұл 204142 кодқа төленуі керек, төлем мақсатының коды: 911 және Шымкент қаласының қылмыстық істер бойынша сот шығыны 206108 кодқа төленеді, төлем мақсатының коды: 911 Жәбірленуші өтемақы қоры 204303 кодқа төленуі керек, төлем масатының коды: 911