Павлодар облысында «HAS Holding» қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды, ұйымдастырушылардың құны 1,4 миллиард теңгеден асатын мүлкі бұғатталды. Облыстық экономикалық тергеу департаменті қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікке ілінгендердің қызметі туралы жаңа мәліметтерді жариялады.
«Бүгінде 1 миллиард 408 миллион теңге шығын көрген 154 жәбірленуші департаментке жүгінді. Зардап шеккен адамдардың саны күн сайын артып келеді», — деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар тауарларды сатып алу-сату және тұрғын үй құрылысы бойынша жасанды белсенділік көрсеткені хабарланды.
Кедендік бақылау органдарының мәліметінше, шын мәнінде Қытайдан тауар әкелінбеген, ал «HAS Holding» мемлекеттік сатып алуларға қатыспаған. Компанияның мүлкі, техникасы, жылжымайтын мүлкі жоқ, штатында небәрі 1-2 адам болған.
«Қытай тауарларының бір бөлігі «Q-mart» дүкендері арқылы сатылғанымен, олар Қытайда емес, Алматыда, «Ялян» және «Байтас» базарларында, «барахолка» аумағында сатып алынды. Бұл ретте салымшылар 180 000 теңге сомасында тауарларға арналған сертификаттар алуға міндеттелді», — деп жазылған экономикалық тергеу департаменті таратқан баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ «Мидас» және «Авангард» тұрғын үй кешендерінің құрылысы жүргізіліп жатқандай етіп көрсетілген, ал компанияның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лицензиясы да болмаған. Ал болжамды құрылыс орнында бірнеше қада ғана қағылған.
Кез келген пирамидадағыдай түскен ақшаның бір бөлігі салымшыларға процент төлеуге жұмсалып, бірақ оларды алынған қаражатты пирамидаға қайта инвестициялауға көндірген. Әрбір жаңа салымшы үшін салынған соманың 5 проценті төленіп отырған.
«Тергеу барысында пирамиданы ұйымдастырушылардың құны 1,4 миллиард теңгеден астам мүлкі тәркіленді. Бұл қаражаттан жәбірленушілерге келтірілген шығын өтеледі», — деп жазылған хабарламада.
Ол үшін жәбірленушілер тұрғылықты мекенжайы бойынша аймақтық экономикалық тергеу департаменттеріне немесе 8 (7182) 61-33-05 телефоны арқылы хабарласуы қажет.
Осы ретте қаржы пирамидасын ұйымдастырушының ұсталып, қамауға алынғаны туралы ақпарат пайда болғаннан кейін әлеуметтік желіде дау туындады. Ақшасын осы кәсіпке салған жүздеген адам «HAS Holding» басшысын босатуды талап етіп, Экономикалық тергеу департаментінің әрекетіне наразылық білдірді. Олар бұл пирамида ұйымы емес, кәсіпкерлік және қайырымдылықпен айналысқан «халықтық» компания екенін алға тартады.
Пікір білдірген адамдар экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері «жалған қылмыстық іс қозғап, компания серіктестерін оның басшыларына қарсы арыз жазуға мәжбүрлеп жатыр» деп айыптайды. Олардың пікірінше, мұның барлығы «адамдардың осы кәсіпке салған ақшасын тартып алу» үшін жасалып жатыр.
Бұл дауға сот қана нүкте қоя алатын сияқты.