Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға 20 миллионға жуық қаржы бөлінді

30

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға 19,8 млрд. теңге бөлінген. 6 бағыт бойынша жүзеге асырылатын жоба аясында үш мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Қазіргі таңда пилоттық бағдарламаның бірінші кезегіне қатысатын 32 ауылдық округ анықталды.

Облыс әкімі «Ауыл аманаты» жобасы бойынша баяу қимылдап, көш соңында қалған жауаптыларды сынға алды. Дархан Сатыбалды тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобаның қаражаты тиімді жұмсалуы қажет екенін атап өтті. Ол тиісті жауаптыларға осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіуді тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Аудандар мен қалаларды аралап, әкімдермен, елмен кездесіп жүрміз. «Ауыл аманаты» жобасын үйлестіру жұмыстары әлі де төмен деңгейде. Жартыжылдық бітіп жатыр, баяу жүруде. Осы жобаға қатысты басқармалар, қаржылық мекемелер, «Ырыс» қаржы ұйымы, «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ, әкімдер, кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталықтары жұмысты жандандыруы тиіс. Тұрғындарға құжат дайындауға, жобаларын жүзеге асыруға көмектесіңіздер. Жобаның сәтті жүзеге асырылуына тікелей жауаптысыздар. Бұл – Мемлекет басшысының назарында тұрған аса маңызды тапсырма. Мемлекет ұсынған қаржы тиімді жұмсалып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығын дамытуға серпін беруі қажет».

Жалпы биыл «Ауыл аманаты» жобасын қаржыландыруға республикалық бюджеттен жыл басында 11 млрд. теңге, наурыз айында бюджетті нақтылауда қосымша 8,9 млрд. теңге қарастырылып, жалпы 19,8 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа облыс бойынша негізгі 6 бағытты қаржыландыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 3 220 бірлік жобаға қолдау көрсетіліп, кемінде 3413 бірлік жаңа жұмыс орындары құрылады.

Нұрбол Бекмұратов, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: «Жобаға ағымдағы жылы республикалық бюджеттен жылдың басында 11 млрд теңге қаржы қаралды. Сонымен қатар, наурыз асйында бюджетті нақтылау кезінде қосымша 8,8 млрд теңге қаржы қаралды. Қаржыны игеру мақсатында қазіргі таңда біз 6 бағытты таңдап отырмыз. Өсімдік шаруашылығы, жылыжайлар, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, балық шаруашылығы, тұрғындардың өз кәсібін ашуды қаржыландыруды жоспарлап отырмыз».

Жобаны іске асыруда өңірдегі жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріледі. Қазіргі таңда пилоттық жобаны жүзеге асыруға барлық ауылдық округтерде скрининг жұмыстары жүргізіліп, бірінші кезекте жобаға қатысатын 16 ауданнан 32 ауылдық округі анықталды. Талдауға сәйкес өтінімнің 90 %-ы мал шаруашылығы саласын дамыту бағыттында өткізілген, 40 жоба егін шаруашылығы, 5 жоба балық шаруашылығын дамытуға бағытталып отыр.

Гүлдана Дәурен