Түркістанда әріптесін өлтірген қасапшыға сот үкімі шықты

1398

Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қасапшының өліміне қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды. Сот үкімі бойынша күдіктінің қылмысы толық дәлелденді. Ал марқұмның туыстары бұл үкіммен келісе ме?

Түркістанда қос қасапшы арасындағы қанды оқиғаға қатысты сот үкімі шықты. Осыдан үш ай бұрын, 22 ақпан күні екі азамат арасында мал етіне қатысты дау туындап, соңы кісі өлімімен аяқталған еді. Қатты ашуға берілген қасапшы әріптесіне пышақ сұғып, оқиға орнынан қашып кеткен болатын. Бірақ ол оқиға болған күні қолға түсті.

«К., А.-қа, «не себепті бүгін тұрғын үйге келіп, сойылған малдың етін бөлшектеп бермедің» деп соңғының бет тұсынан жұдырықтарымен бірнеше рет соққы жасаған. Осы кезде А. оң қолында болған асхана пышағымен К.-тың сол жақ санына қасақана бір рет соққы жасаған. Ары қарай К. автокөліктен түсіп орын алған жанжалды шешу мақсатында А.-қа жақындаған кезде асхана пышағымен К.-тің мойынының төменгі-алдыңғы аймағына жоғарыдан төменге қарай бағытталған бір рет соққы жасаған. Алған дене жарақатынан жәбірленуші оқиға орнында қаза тапқан»,-деді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев.

Сараптама қорытындысы мен заттай дәлелдеме бойынша, сондай-ақ оқиға болған жерді қарау және беттестіру хаттамаларымен сотталушының кінәсі толық дәлелденді. Кінәлі деп танылған азамат та өз қателігін мойындап отыр.

А. есімді сотталушыға ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен айып тағылды. Оған 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтейтін болады.

Бірақ кісі қолынан қаза тапқан жігіттің анасы бұл шешіммен келіспейтінін айтты. Сөзінше, сотталушы кемі дегенде 15 жылын темір тордың арғы жағында өткізуі қажет. Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Жәбірленушінің туыстары немесе айыпталушы тарап үкіммен келіспеген жағдайда 15 күн ішінде аппеляциялық шағым түсіре алады.