Үкімет басшысы өртті ерте анықтау жүйесін енгізуді тапсырды

21

 

ҚР Премьер министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен үкімет отырысы өтті. Жиында алдағы жаздың қатты ыстық болуына байланыста өрт қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Одан бөлек министрлер ел экономикасының өсу динамикасы мен бюджет есебі туралы баяндама жасады.

Алдағы 3 ай абай болыңыз! Өйткені биылғы жаз жылдағыдан ыстық әрі қапырық болады. Еліміздің батысы мен шығысы және оңтүстігінде өрт қаупі күшеюі мүмкін. Осылай деген үкімет басшысы Әлихан Смайылов жауаптыларға өртті ерте анықтау жүйесін енгізуді тапсырды. Өйткені, қазірдің өзінде кейбір өңірлерде күрделі жағдай қалыптасып отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер министрі: «Өткен аптада Қазақстанның солтүстігінде және Ресейдің шекаралас аймақтарында болған өрттің түтіні Елордаға дейін жетті. Ал табиғи өрттерге қарсы дайындық шаралары талапқа сай болмай тұр. Біз мұның қайғылы жағдайларға әкеліп соғатынын көріп отырмыз. Мәселен, өткен аптада ғана Іле-Алатау ұлттық паркінде болған өртті сөндіру кезінде сержант Арслан Құрманбеков қаза тапты»

Премьер министрдің мәліметінше, күн жылына бастағаннан бері Қазақстанда 120 табиғи өрт тіркеліпті. Өкініштісі, олардың басым бөлігі азаматтардың өз кінәсінен орын алған.

«Тіпті, елді-мекендерге іргелес аумақтар мен алқаптардан басталған өрт тұрғын үйлерге ауысып, адамдардың өміріне қауіп төндіріп отыр. Биыл осындай 14 жағдай тіркелді. Бұл – бірінші кезекте, өрт қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті органдар мен жедел әрекет етуі тиіс төтенше жағдай қызметтері мен әкімдіктердің жұмысындағы кемшілік. Сондықтан өрттен қорғайтын белдеулерді жырту, іргелес аумақтарды қураған шөптерден тазарту сияқты жұмыстарды тез арада жүргізу керек»,-деді үкімет басшысы.

Бұдан бөлек үкімет отысырында экономиканың өсу қарқыны жайлы айтылды. Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, биыл 4 айда өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда Қазақстан экономикасы 5 пайызға өскен.

Әлібек Қуантыров, Ұлттық экономика министрі: «Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалуда, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс ең жоғары өсуді көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны — 18 пайыз. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 39,3 пайызға, ауыл шаруашылығында – 26,5 пайызға, жылжымайтын мүлікке қатысты операцияларда – 10 пайызға, сондай-ақ өнеркәсіпте – 18,1 пайызға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 17,3 пайызға және өңдеу өнеркәсібінде – 7 пайызға өсті».

Ал осы уақыт аралығында 55 млрд. теңге бюджет қаражаты игерілмей қалған. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, оның басым бөлігі Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму, Экология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне тиесілі.