Жас кәсіпкер «Іскер қала» жобасы аясында балабақша ашқан

55

Кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау ел саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгінде шағын және орта бизнесті қолдау үшін арнайы мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Олардың бірі-жастар мен әйелдерге 1 пайыздық жеңілдетілген несие беретін «Іскер қала» жобасы. Қазірдің өзінде бұл жобаға 52 кәсіпкер қатысып, бизнесін дөңгелетіп отыр.

Дана Мейірбекова жастар мен әйелдерге берілетін 1 пайыздық жеңілдетілген несие алып, балабақша ашты. «Іскер қала» жобасының арқасында Дана жерлестерін тұрақты жұмыспен қамтып, 75 балаға тәлім-тәрбие беріп келеді. Әрі балабақшадағы орын жетіспеушілігін жоюға да өз үлесін қосып отыр.

Данаға кәсібін ашуға «Shymkent Invest» фронт-офисі бағыт-бағдар берген. Орталық «Бір терезе» қағидаты әдісімен кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, бизнес өкілдеріне қажет кеңес береді. Сондай-ақ мамандар жобалар бойынша сүйемелдеп, маркетингтік зерттеулер мен талдаулар жүргізеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша фронт-офистің көмегіне 2325 кәсіпкер жүгінген. Ал 1 пайыздық үстемемен 52 кәсіпкер несие алыпты.

Қайрат Имашев, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, фракция жетекшісі: «Бүгінде кәсібін ашамын деген жастарға барлық жағдай жасалған. Гранттар да, несие де беріліп жатыр».

Шағын және орта бизнесті қолдауға жыл сайын қомақты қаражат бөлініп, өз ісін бастаймын деген азаматтарға гранттар және 2,5 пайызбен микрокредиттер берілуде. Биыл жастар және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында 2,1 мың кәсіпкерге несие беру жоспарланып отыр.

Бұл да болса шымкенттік кәсіпкерлерге жасалып жатқан қомақты көмек. Ісін ілгерілетіп отырғандар кәсібін өрге жүздіруге көп қолдау болып жатқандарын айтуда.