Шымкентте 15 жастағы жасөспірім көз жұмған пиццерияның иесіне қатысты сот үкімі шықты. Пәкістан азаматы «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабы бойынша кінәлі деп танылып, бір жарым жылға сотталды. Алайда, айыпталушы бірнеше ай бойы уақытша қамауда болғандықтан, сот залынан босатылды. Іс қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта ашық тәртіппен қаралды.
15 жастағы Ақару Құралбай жұмыс істеген пиццерияның иесі, Пәкістан азаматына қатысты сот процесі аяқталды. Жасөспірім жұмыс орнында ток соғып қайтыс болған еді. Шетелдік азамат бір жарым жылға сотталды. Дегенмен, тергеу изоляторындағы бір күн колониядағы екі күнге теңестірілгендіктен, сотталушы үкім шығарылған күні сот залынан бостандыққа шықты.
«Қауіпсіздігі ең төменгі мекемелерде 1 жыл 5 ай бас бостандығынан айыру. 62-баптың 3-тармағы, 3-бөлігі негізінде 25 қыркүйектен 12 маусымға дейінгі аралық қамауда ұстау уақытына қабылданды. Яғни, 1 күн — екі күн ретінде есептеледі. Сондықтан сіз сот залынан босатыласыз».
Айта кетейік, процес барысында Пәкістан азаматы тағылған айыпты мойындау былай тұрсын, өз ісіне өкініш те білдірген жоқ. Ал сот залында қорғаушысын құшағына алып, алғыс білдірген ол мекемеден көтеріңкі көңіл-күймен шықты деуге болады.
Іс сотта екі айға жуық ашық түрде қаралды. Пәкістан азаматы «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабы бойынша кінәлі деп танылды. Сотта прокурор сотталушыға қатысты 2 жыл алты айға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Алайда, Пәкістан азаматының үкімі жеңілдетілді. Соттың айтуынша, жәбірленуші тарап сотталушыға кешірім берген. Ол моральдық және материалдық шығынның орнын толтырыпты. Ал анасына қызының өлімі үшін жұмыс берушінің қандай өтемақы бергені туралы сотта ашып айтылған жоқ.
Жанат Мүсірәлі, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы: «Сенімхат арқылы әрекет еткен Абдуллах: қызметкерлерге ақы төлеген, барлық мәселелерді жүзеге асырған. Қылмыстық кодекстің талабына сәйкес орта дәрежедегі қылмыс болып табылады. Абдуллах Тахирдың 25 қыркүйектен бастап күзетте болуына байланысты 9 ай есебі отырған, сол себептен, жәбірленуші кешірім беріп отырғандықтан, шығынның бәрі өтелгендіктен 1 жыл 5 ай 18 күн бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды».
Ал марқұм Ақарудың анасы болса, сот үкіміне наразылығын білдіріп, аппеляциялық шағым түсірмек. Себебі Бибіайша Құттыбаева қызының өліміне кім кінәлі екенін әлі де түсінбегенін айтады.
Бибіайша Құттыбаева, қайтыс болған қыздың анасы: «Ол жерде бір ғана Пәкістан азаматы емес, кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартпады. Сот залына мен өзім күдікті деп ойлаған адамдар келді. Бұл іс о баста шикі болды. Мен бұл жүргізген тергеуге мүлдем көңілім толмайды. Мен Қайрат Дәлбеков, департамент басшысында болдым. Мен Қаратау аудандық полиция басқармасына сенімсіздік білдіремін, өзіңіздің бақылауыңызға алыңыз деп өтініш айтқан болатынмын. Ол кісі менің көзімше орныбасарларына тапсырма береді. Бірақ олар оның берген тапсырмасын орындамайды. Менің қызымды мәйітханадан алып келгенде мына жерінде қан қатып қалған болды, құлағының арқасында қан іздері болды».
Еске сала кетейік, Ақару Құралбай өткен жылдың 3 шілдесінде қайтыс болды. Марқұмның туыстары пиццерияға келіп, жұмыс орнын бейнежазбаға түсірген еді. Сол кезде ондағы ашық сымдар мен ток көздері жұрттың төбе шашын тік тұрғызды. А
лайда арадан он күн өткен соң пиццериядағы барлық кемшіліктер жойылып, қызды ток соғуы мүмкін емес деген ақпарат берілді. Бірақ медициналық сарапшылар, жағдайдың керісінше екенін дәлелдеп берді.
Гүлдана Дәурен