33 жыл – мемлекеттік қызметте!

81

 

Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен төзімді қажет ететін, ел игілігіне бағытталған абыройлы міндет. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметші болу үшін түрлі этаптардан, сонымен қоса сынақ мерзімінен өту керек.  Көп ішінен іріктеліп, оза шыққан маман мемлекеттік қызметші атанады.

Мемлекеттік қызметте ұзақ жыл еңбек ету үлкен күш-жігерді талап етеді. Сондай мамандардың бірі – Шымкент қаласының Еңбекші аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметті жоспарлау және талдау бөлімінің басшысы Станбекова Айман Маратқызы.

Айман Маратқызы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданында көп балалы отбасында тәрбие алған. Ата-анасының халық игілігі жолында қызмет етуі – бала Айманның ел үшін еңбек етуге құштарлығын ашты. Мектепті үздік бітіріп, Қарағанды қаласының Мемлекеттік медицина институтының санитарлық-гигиеналық факультетіне қабылданып, 1990 жылы санитарлық дәрігер мамандығының иесі атанды.

Еңбек жолын 1990 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық станциясында дәрігер-эпидемиолог қызметімен бастады. Осы сәттен 20 жыл бойы дәрігер-эпидемиолог маманы болып жұмыс жасап, өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық саласының дамуына үлкен үлесін қосты. Осы уақыт аралығында халық арасында тырысқақ ауруы белең алып, іш сүзегі, вирусты гепатит жұқпалы аурулары жиі тіркелген кезде Айман Маратқызы әріптес мамандармен бірге инфекциямен тоқтаусыз күресті. Сонымен қатар, жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында оның қауіптілігін, екпенің маңыздылығын халық арасында кеңінен түсіндіріп, санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар қоғам денсаулығын сақтау жолында өте керекті шаралар болатын.

2010-2014 жылдар аралығында Айман Маратқызы Сайрам ауданының санитарлық-эпидемиологиялық басқармасында еңбек етіп, 2014 жылдан Шымкент қаласы Еңбекші ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына бөлім басшы болып ауысады. Содан бері басқармада өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, көп жандарда кездесе бермейтін ерекше жауапкершілігімен, біліктілігімен қызмет етіп келеді. Әріптестер арасында сый-құрметке ие, жас мамандарға жұмыстың қыр-сырын үйретіп, үлгілі қызмет атқаруда.

Айман Маратқызы қызметпен қатар отбасылық жағдайда да көпке үлгі. Дүниеге 2 қыз, 1 ұл алып келген. Жолдасы да медицина қызметкері. Перзенттері заңгер, құрылысшы, банк қызметі мамандықтарын таңдаған. Бүгінгі таңда аяулы ана, бақытты жар болып отырған Айман Маратқызына жұмыстағы зор еңбегі үшін алғыс білдіреміз!

Шымкенгт қаласының

санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті