Әйгілі «Металлург» стадионы қайта іске қосылды

64

Шымкенттегі «Металлург» стадионы 10 жылдық үзілістен кейін қайта іске қосылды. Тарихы терең нысанды жөндеуге 3 миллиард 800 миллион теңге жұмсалған.

Су жаңа орталықта спорттың 10 түрі бойынша жастар шыныға алады. Сонымен қатар мұнда үлкен спорт алаңы, мың жарым орындық трибуна, әкімшілік ғимараты салынған. Су жаңа стадионның ашылу салтанатына орай «Шымкент Жастар Лигасы» ұйымдастырылды.

Мақсұт Исахов, Шымкент қаласының әкім орынбасары: «Мемлекеттік бюджеттен ақша бөлініп, соңғы 2 жылда керемет стадион ашылды. Оның ішінде футзалмен айналысуға болады. Баскетболмен, волейболмен, шахматпен, күрес түрлерімен айналысуға болады. Керемет спорт кешенді «Шымкент Жастар лигасының» финалдық ойынына арнайы іске қосып отырмыз»

Айта кетейік, «Металлург» стадионы 1957 жылы құрылған еді. Нысан Шымкент қорғасын зауытына тиесілі болған. Алайда компания жабылып қалған соң, стадион қараусыз қалды. Сондықтан қала әкімдігі жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, қайта жөндеуден өткізді.