«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне партияның «2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындауға бағытталған қалалық Жол картасын таныстырды.
Саяси додада халықтың қолдауымен жеңіске жеткен «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиал өкілдері, партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттер жайын баяндады. Ең бастысы, халықтың әлеуетін көтеру, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының қолжетімділігін арттыру, экологиялық ахуалды жақсарту. Жалпы, жол картасы 4 басымдық, 100 тармақ, 452 индикаторлық бағыт пен 43 245 нақты іс-шараларды қамтыйды.
Бахадыр Нарымбетов, «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиал төрағасы: «5 жылда Жол картасын толық орындау үшін бюджеттен 1,2 триллион теңге қаражат қарастырылған. Нақтылап айтсақ, бағдарламаны орындауға бөлінетін қаражат қаламыздың алдағы 5 жылдық даму жоспарына сәйкес әзірленді. Жол картасының 2023-2024 жж. іс-шараларына қаржыландыру мәселесі шешілген. Биылға 159,8 млрд теңге бөлініп отыр».
Сайлауалды бағдарлама, халықпен кездесу, есепті жиындар мен қоғамдық қабылдауда тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер негізінде дайындалғанын төраға атап өтті.
Бахадыр Нарымбетов, «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиал төрағасы: «Жол картасына сәйкес, қалада 90 мың жұмыс орны ашылады, кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 230 мың адамнан асады, жастар жұмыссыздығының деңгейі 3,2%-ға дейін төмендеп, 18 медициналық мекемелер, перзентхана және көпбейінді аурухана ашылады, 50 мектеп пен 10 қосымша ғимараттар салынады. Үш ауысымды мектептер саны түбегейлі жойылады».
Жол картасында инфрақұрылым жүйесін жақсарту, баспанамен қамтамасыз ету мәселелері ескерілді. Мәселен алдағы бес жылдың ішінде 5,5 миллион ш.м. тұрғын үй салынады. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы азаматтар мен жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы жалғасады.
2027 жылы мегаполистің барлық тұрғын алаптары таза ауыз сумен 100% қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, партия қала тұрғындарының сапалы электр энергиясына, табиғи газға қол жеткізуін қамтамасыз етеді деген жоспар бар.