Инфляция баяулай бастады

73
фото Бизнес-мир

Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Қазақстанда іскерлік белсенділік оң аймақта тұрғанын мәлімдеді.

«2023 жылдың мамыр айында әлемдік нарықтарда оң үрдіс сақталды. Қаржы нарығында тұрақтылық орнап, инфляция баяулай бастады. Алайда, әлемдік экономиканың даму перспективаларына жоғары белгісіздік әсер етіп отыр. Мамырда жаһандық іскерлік белсенділіктің қарқыны екпінді болды. PMI жаһандық композиттік индексі 2021 жылғы желтоқсаннан максималды мән 54,4-ке дейін өсіп, төрт ай қатарынан оң аймақта келеді. Өндіріс пен жаңа тапсырыстар, сәйкесінше, 2021 жылғы желтоқсаннан және 2022 жылғы наурыздан бергі максимумға жетті», — деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның дерегінше, Қазақстанда мамыр айында іскерлік белсенділік оң аймақта қалып, 50,6 болды. Өндіріс секторында индекс оң аймаққа өтіп, 50,2, қызметтер секторында 51,1 мәнін құрады.

«Бизнес-климат индексі 15,4 мәніне дейін ұлғайды. Бизнестің қазіргі және болашақ жағдайын бағалау жақсарып, өндіріс пен қызметтердегі көрсеткіш артты», — деді Ғалымжан Пірматов.