Іскер де ісмер кәсіпкер

33
фото life09.kz

 

 

Бүгінде ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс артып келеді. Сұраныс ұсынысты тудырады. Осыған орай ұлттық киімдерді тігетін кәсіпкерлердің де қатары артып келеді.

 

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданының кәсіпкері Ботакөз Өмірзақова сүйікті ісін кәсібіне айналдырып отыр. Он саусағынан өнері тамған шебер ғана бұл кәсіптің тұтқасын ұстайтыны баршаға мәлім. Дейтұрғанмен, жауапкершілікті қажет ететін, көздің майын алатын кәсіп. Алғашында таныстардың, тума-туыстың кішігірім тігін жұмыстарын алып, күнделікті табыс тауып отырған кәсіпкер шағын цехын ауқымды жұмыс орнына айналдыруды көздейді. Көздеген жетер мақсатқа деген рас қой. Бүгінде бірнеше ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып, оларға жалақы төлеп отырған жайы бар. Ауылдағы шағын шеберханада негізінен ұлттық нақыштағы киім тігіп, одан басқа да кез-келген тапсырыс түрін орындай береді.

 

«Қазақи нақыштағы ою өрнекпен тігілген киімдерге тапсырыс берушілер қазір көп. Той-томалаққа, түрлі жиындарға, одан қалса күнделікті кигенге қолайлы бешпент пен камзолға да тапсырыс береді. Талғамдары жоғары екенінде ұмытпау керек олардың. Әр қайсысының өлшеміне, талғамына сай етіп, тігісін керемет етіп тігіп беруің қажет. Көздің майын алатын кәсіпті, шын ынта жігермен жасамасаң тапсырыс берушінің көңілінен шығу, шықпауы да екі талай. Келушілерден тек алғыс алуды, көңілінен шығуды қалаймын. Ойындағыдай етіп тігілген соң ол клиент қайта айналып тағы да соғары анық», – дейді кәсіпкер.

 

Түрлі киім тігуден бөлек перде тігумен де айналысады. Бүгінде Алматы қаласынан әскери киімдердің ақ жағасын тігуге тапсырыс алған жайы бар. Белгіленген уақытқа дейін миллион данасын тігіп бітіру керек. Сол үшін шеберханадағы тігінші келіншектер барын салып, уақытында бітіруге күш салуда.

 

Ісмердің қолынан шыққан дүние бағалы болары анық. Содан болар ауыл тұрғындары кішігірім тігістер болса Ботакөздің шеберханасына келуді әдетке айналдырған. Дәстүрге сай салтымызды насихаттап жүрген алтын қолды кәсіпкердің алға қойған жоспарлары көп. Іскер де ісмер кәсіпкерге тапсырыс көп, еліміздің өзге өңірлерінен, өзге қалаларынан да тапсырыс беретіндер жетіп артылады. Ине мен жіпті серік еткен кәсіпкер тігіншілікті бірнеше адамға үйретіп Қазығұрт ауданындғы Сарапхана ауылының келіншектерін жұмыспеен қамтып отыр.

Ашылғанына екі жыл уақыт болған. Ал соңғы 3-4 айда ауқымды шеберханаға айналдырып үлгерді. Ұлттық нақыштағы киімдерді келушілердің талғамына сай етіп тігіп береді. Ыстық ықыласпен жұмыс істейтіндіктен күн санап тұтынушыларының да қатары артып келеді. Үйдің ішінен ашылған кішігірім цех алдағы уақытта үлкен кәсіпорынға айналуы да бек мүмкін. Оған жігері мықты іскер де ісмер кәсіпкердің күш қайраты жетеді.