Іскер кәсіпкердің ісі ілгері…

46
фото СБ В.Петрова

 

Бүгінде құрылыс қарқыны қызып тұрғаны белгілі. Облыс орталығына айналған Түркістан қаласында да, аудан орталықтарында да тұрғын  үйлер, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Одан бөлек тұрғындар да жапсарлас құрылыс, жаздық мекен, асхана салып құрылыс саласының көрігін қыздыруда. Мұның барлығы да құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындарының жұмысын қыздыратыны сөзсіз.

Бүгінде Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында кәсіпкерлігін дамытып отырғандардың қатары қалың. Солардың бірі Б. Нұран 15 жылдан бері құрылыс материалдарын, оның ішінде шлактекшелердің бірнеше түрін, сәндік шлактекше, тас төсеуіштер және жаяу жол плиткаларын өндіреді. Құрылыстың кез-келген саласына аса қажетті шлакоблок өнімдерін өндіру бүгінде табысты салаға айналғаны белгілі. Кәсіпкер әу баста шлактекше шығаратын 1 құрылғымен ғана кәсіп бастаған. Ол кезде тәулігіне 1 000 дана шлакоблок өндірген. Әрі жұмыс қарқынын арттыратын жұмысшы саны да аз болатын. Небәрі 4 жұмысшы ғана бар болатын. Ә дегенде сатып алушылардың қатары артып, өнім көлемін арттыру мәселесі туындады. Іскер кәсіпкер тосылып қалған жоқ. Заманауи үлгідегі әсем текшелер шығару өндірісін ұлғайтты.

Өнімдер Қазығұрт ауданының өзіне және Сарыағаш сияқты жақын аудандарға сатылады. Бұдан өзге де шалғайдағы ауылдардан да тапсырыс көптеп түседі. Бұл аудандарда ауыл шаруашылығы жолға қойылған, құрылыс саласы да дамып келе жатыр, үйлер, бала-бақшалар салынуда, шаруа, жеке қожалықтар малды азықтандыру орындарын кеңейтуде. Яғни, құрылыс материалдарына сұраныс күннен күнге артып келеді. Сондықтан да кәсіпкер шағын зауыттың қуаттылығын тәулігіне 5000 данаға дейін арттырып, қосымша бетонараластырғыш және арнайы техникалардан тұратын 6 құрылғы сатып алды. Бұл өз кезегінде өндіріс қуаттылығын арттырып отыр. Бұдан кейін құрылыс материалдарын сататын арнайы дүкен ашты. Ә дегенде саудасы жүріп берді. Әсіресе жаз мезгілінде сауданың қызатын кезі.

Алдағы уақытта басқа да құрылыс материалдарын шығаратын қуатты құрылғылар сатып алуды ойластырып жүр. Бұл өз кезегінде уақыт үнемдеуге сеп әрі артық жұмыс күшін талап етпейді. Сондықтан да заманауи үлгідегі құрылыс материалдарын шығаратын құрылғылардың көмегі көп. Бұл өз кезегінде өндіріс қуаттылығын арттыратыны сөзсіз. Бүгінде шағын зауытта 25 адам еңбек етуде.

Кәсіпкер осы жетістігімен тоқтап қалмай, бұрыннан жоспарлап жүрген тағы бірнеше идеясын жүзеге асыруды жоспарлауда. Тың идеялар жүзеге асқан жағдайда аудан экономикасына үлес қосып, әрі әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға да септігін тигізері сөзсіз.