Кентауда фаст-фудтан уланғандар саны 92-ге жетті

1417

Кентау қаласында орналасқан «Ризық-Рауаны» қоғамдық тамақтану орнында фаст-фудқа тапсырыс беріп, жаппай уланғандар саны 92-ге жетті. Бұл бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Түркістан облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің (СЭБД) мәліметінше, тамақтан уланғандар ауруханаға сейсенбі, 27 маусымнан бастап түсе бастаған. Содан бері олардың саны артқан.

Фаст-фуд өнімдерінен уланғандардың 51-і ересектер болса, 41-і 14 жасқа дейінгі балалар.

СЭБД хабарлауынша, аталған тамақтану орнында бұған дейін де тапсырыс берушілердің жаппай улану жайты орын алған. Ал бұл жағдай 3-ші рет тіркеліп отыр.  Бұған дейін 2022 жылдың тамыз айында 8 адам, қазан айында 168 адам уланған болатын. Аталған деректер бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі  тарапынан заң аясында тиісті шаралар қабылданған. Бірінші жағдайда  жеке кәсіпкерге 230 АЕК  айыппұлдар салынып, құқық бұзушылықты жою туралы ұйғарым берілген.

Екінші жағдайда  Қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық істің қаулысы негізінде СЭББ тарапынан жоспардан тыс тексеру тағайындалған. Тексеру нәтижелерінде көптеген кемшіліктер анықталған. Бұл қылмыстық іс өткен жылдың 30 желтоқсан күні аяқталған. Себебі күдікті ретінде танылған қоғамдық тамақтану орнының иесінің іс әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болғанымен, алайда ол жәбірленушілермен татуласуына байланысты іс тоқтатылғандығы жөнінде қаулы шығарылған.

Ал 3-ші жағдайға байланысты Қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлігімен  сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеп-тексеру барысында анықталған кемшіліктер:

Нысанда өндірістік бақылау бағдарламасы жоқ, нысан қызметкерлері (аспаздар, аспазшылар мен даяшылар) алдын ала профилактикалық медициналық тексеруден толық өтпеген. Жұмыс жасайтын 20 қызметкердің тек 12-сінде ғана медициналық кітапшалары бар.

Бұдан өзге шикізат пен өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары толық емес. Өнімдерді сақтау кезінде олардың тауарлық көршілестігі сақталмаған, яғни, ет және құс ет өнімдері, сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер барлығы бір тоңазытқышта араласа сақталған. Жұмыртқаны сақтауға, жуып өңдеуге арналған арнайы ыдыс арналмаған, өнімдердің жарамдылық мерзімдері өткен. Қызметкерлердің жеке және арнайы киімдерін, жеке заттарын сақтауға арналған орын қарастырылмаған.

Зертханалық зерттеуге алынған сынамалар жұмыс үстінде.