Конституциялық сотқа жүгінгендердің жартысы сот шешімімен келіспейді

44

Азаматтар Конституциялық Сотқа жүгіне отырып, әділдік пен заңдылықты орнатуға жәрдемдесіп жатыр. Осылай деген Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова ҚР парламентінің бірлескен отырысында соттың жыл басынан бері атқарған жұмысы туралы баяндады. Сонымен қатар, жиында Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланды.

Конституциялық сотқа жүгінгендердің 41 пайызы сот шешімен келіспеген азаматтар. Бұл туралы ҚР парламентінің бірлескен отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова айтты. Сөзінше, жыл басынан бері сотқа жалпы 3000-нан аса адам жүгінген.

Арыз-шағымның басым-бөлігі сот актілерінің орындалмауы, тұрғын үй, еңбек қатынастары, әлеуметтік қорғау және жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты. Сондай-ақ, төраға 5 айда мемлекеттік органдар қабылдаған нормативтік актілердің ішінде Конституцияға сай келмейтін нормалар анықталғанын тілге тиек етті.

Элвира Әзімова, ҚР Конституциялық сот төрағасы: «Азаматтар өз өтініштерінде заңдардың жекелеген ережелерінің конституциялылығы жайлы проблемаларды әділ түрде көтерген. Бұл цифрлар азаматтардың жаңа органға деген жай ғана қызығушылығының дәлелі болып табылмайды, өтініш берушілердің әрқайсысының өз құқықтарын қорғау ниетін растайды. Бұл ретте заңнамада Конституциялық Сотқа жүгінгенге дейін құқықтық қорғаудың барлық басқа құралдарын қолдану туралы талап жоқ. Конституциялық іс жүргізу қорытындысы бойынша, өкінішке қарай, жекелеген нормативтік құқықтық актілерде елеулі олқылықтардың бар екені анықталды. Қабылданған он сегіз нормативтік қаулының бесеуінде нормалар конституциялық емес деп танылды, тағы бесеуі бойынша Конституциялық Сот біркелкі құқық қолдану мақсатында тиісті нормаларға түсіндірме берді.Қазіргі уақытта Үкімет пен мүдделі органдарға қажетті шаралар қабылдау ұсынылды».

ҚР Парламентінің бірлескен отырысында Үкімет 2022 жылғы республикалық бюджет туралы есеп берді. Өткен жылы жалпы Ішкі Өнім 3,3%-ға өскен. Ал кіріс 16,1 трлн теңгеге жетті. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бюджет тапшылығы 2,3 пайызды құрады. Ал мемлекет әлеуметтік және басқа да міндеттемелерін толық көлемде орындаған. Алдағы уақытта Ұлттық қор қаражатын үнемдеу жалғасады деді министр.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі:
«Ұлттық қордың қаражатын үнемдеу саясатын жалғастыру мақсатында республикалық бюджетке берілетін трансферттер қаражатын біртіндеп азайту жалғасады. Сондай-ақ, ұлттық банкпен бірлесіп қордың инвестициялық кірістер арттыруға қатысты шаралар қабылдануда. Бұл мемлекет басшысының Ұлтық қордың қаражатын 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді».

Бұдан бөлек отырыста күн тәртібіндегі өзекті 4 мәселе қаралды. Атап айтқанда, ҚР Конституциялық Сотының «ҚР-дағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы жөнінде, Үкіметтің және ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту жөнінде және ҚР орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссия мәселесі талқыланды. Сонымен қатар «Прокуратура туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң қабылданды. Енді бұл заңға заңсыз активтерді қайтаруға байланысты түзету енгізіледі.