Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанын жеткізді. Жәбірленуші қыздың айтуынша, белгісіз біреу «В контакте» әлеуметтік желісі арқылы 200.000 теңге қаражатын сеніміне кіріп, жымқырып кеткен. Аталған факті ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында тәжірбиелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, шұғыл әрекет етті. Барлық қажетті шараларды іске асырып, нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Анықталғандай, күдікті ер адам «төмен пайызбен ақша аударып беремін» деп жалған жарнама жасаған. Яғни, жәбірленуші қыз жарнамада көрсетілген нөмірге хабарласып, мобильды қосымшасы арқылы ақша аударым жасауға келісетінін айтқан. Сол кезде күдікті арам ойын жүзеге асырып, түскен ақшаны өз есеп шотына аударып алған. Бүгінде кінәсін мойындаған ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.