Оқу грантына ие болған жетісайлық оқушы министрді құшақтап алды

802

Жетісай ауданы Асық ата ауылында тұратын оқушы Құттыбек Ержігіт IQanat жобасы арқылы оқу грантына ие болды. Оған білім грантының сертификатын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев табыстады.

Астанада Iqanat республикалық олимпиадасының жабылу салтанаты өтті. Бұл бақ сынасуға еліміз бойынша 824 бала республикалық кезеңге өтіп, оның 110-ы Iqanat High School of Burabay мектебінде білім алу үшін оқу грантын ұтып алды.

Шарада соңғы жеңімпаз ретінде жетісайлық оқушы Құттыбек Ержігіттің есімі аталды. Сахна төріне шыққан ол қуанышын жасыра алмай, тіпті Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты құшақтап алды.

«Өте керемет сезімдемін. Оның үстіне мен соңғы болдым ғой. Осы уақытқа дейін күтіп отырдым, үмітім қалмап еді. Рахмет сіздерге»,-деді қатты қуанған оқушы.

Құттыбек Ержігіт Жетісай ауданындағы №10 «Қайнар» мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушысы. Оқу үздігі 9 сыныпты жақсы нәтижемен тәмамдаған соң 10 сыныпты Бурабайдағы білім ұясында оқитын болады.

Айта кетейік, IQanat – ауыл балаларына арналған қазақстандық кәсіпкерлердің білім беру жобасы.