Қалалық сот аппеляциялық алқасы жылу тарифін төмендету бойынша бұйрықты заңды түрде қалдырды

47

Шымкентте жылу тарифі төмендейді. Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы хабарлады. Қалалық соттың апелляциялық алқасының шешімімен департаменттің  жылу тарифіне қатысты бұйрығы күшінде қалды.

Құжатқа сәйкес, орташа тарифтің төмендеуі 41,35% құрайды. Яғни, бұған дейін тұтынушы бір шаршы метрге 120 теңге төлеген болса енді 80 теңге төлейді.

Табиғи монополиялар субъектілері тариф сметасының орындалуы бойынша  жыл сайын есеп береді. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Қуатжылуорталығы-3» МКК 2021 жылғы жылдық есепті қарау нәтижелері бойынша 486 764,15 мың теңге сомасында негізсіз алынған табыс және тарифке қатысты бірқатар қайшылықтарды анықтаған.

Дархан Қаинбердиев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: «Хат алмасу барысында әкімдік қосымша 2 млрд. 300 млн. ақша бөлгенін түсіндік. Бұл ақша «3-Энергоорталық» қарызын төлеуге бөлінді, бұл жылу энергиясын өндіретін орталық. Бұл шығындар тарифтік сметаға енгізілген, тарифте отыр. Тұтынушылар бұл ақшаны төлеген. Әкімдік тағы да берген, қос қаржыландыру болып тұр. Біз өз тарапымыздан  шаралар қабылдадық және тарифті 2 миллиард 800 миллион теңгеге төмендеттік. Бұл төмендеу 40 пайызды құрады».

«Қуатжылуорталық-3» мекемесі бұл шешіммен келіспей сотқа талап арыз жазған. Арыз қаралып, бірінші сатыдағы соттың шешімімен Департаменттің бұйрығы күшінде қалды. Бірақ «Қуатжылуорталық-3» мекемесі тағы да апелляциялық шағым түсірген.

Апелляциялық алқа 7-ші маусымда бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертпеді. Және апелляциялық шағымды қанағаттандырмай сол күйінде қалдыру туралы шешім қабылдады.

Дархан Қаинбердиев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: «Әділ шешім. Тұтынушылар қазір жазда тарифтің төмендеуін сезбеуі мүмкін. Бұл қазан және қараша айларында алдағы жылыту маусымында жылу түбіртектерінде көрініс табады. Енді Жоғарғы Сот  бар. «Қуатжылуорталық-3″ МКК  сот шешімімен келіспей, оған шағымдана алады. Біз жылу тарифін төмендету  туралы бұйрығымызды  қорғаймыз».

Ал нарықта қымбатшылық белең алғанда жылуға тарифінің төмендеуі тұтынушылар үшін жақсы жаңалық болды.