Қазақстан бюджеті 10 трлн. теңгені жоғалтты

23

 Жоғары аудиторлық палатаның төрайымы Наталья Годунова  Қазақстан бюджеті ескерілмеген салық жеңілдіктерінің кесірінен төрт жылда 10 трлн. теңге жоғалтқанын мәлімдеді. Айтуынша, үкімет әлі күнге дейін бюджетті толықтыруға қатысты барлық резервті іске қосқан жоқ. Бүгінде бар және салық органдары өндіріп алуға тиіс резервтер заңнан тыс қалуда.

«Бұл көлеңкелі экономика – жыл сайын мемлекеттік бюджетке түсуге тиіс кем дегенде 3-4 трлн. теңге салық. Сонымен қатар, осыған ондаған жылдар бойы есепке алынбаған және кейде қаржы бизнесінің гүлденуі үшін қолданылып жүрген салық жеңілдіктерін қосыңыз», – дейді Годунова мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін таныстырып.
Айтуынша, елімізде басқа да жеңілдіктер мен артықшылықтар бар, бірақ олардың көлемін ешкім бағаламаған.
«Жоғары аудиторлық палатаның аудиті 64 салық жеңілдігін Ұлттық экономика министрлігі де, Мемлекеттік кірістер комитеті де ескермегенін анықтады. Ал бұл бюджет шығыны деген сөз, тек 4 жылдың өзінде шамамен 10 трлн теңгені құраған. Соның салдарынан созылмалы бюджет тапшылығы болды. Яғни, көрпеңе қарай көсіліп емес, қарызға өмір сүресің. Бұл ретте үкіметтік борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығыстар бюджеттің таза кірісінің 25%-ін немесе 2,9 трлн теңгені құрайды», – дейді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы.
Айтуынша, бюджетті жоспарлау кезінде борышты басқаруға талдау жүргізілмейді, оларды өтеу көздері есептелмейді. Мемлекеттік борыш құрамында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышы есепке алынбайды. Ал бұл – 19,7 трлн теңге.
«Егер квазимемлекеттік сектор субъектісі борышын төлей алмаса, олар мемлекеттік бюджетке салмақ болып түседі. Өйткені, көптеген қарыз мемлекеттік кепілдіктермен тартылады. Біз биыл мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың басқарылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жобаларды және олардың іске асырылу тиімділігі тұрғысынан байқаймыз. Ол жөнінде парламентке күзде есеп береміз», – деді Годунова.