Қазығұрт ауданында футболдан кейін жаппай төбелес болған

45

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында бір топ балалар футбол ойынынан кейін жаппай төбелес ұйымдастырған. Әлеуметтік желіде тараған видеода бірнеше баланың зардап шеккені айтылған. Алайда облыстық полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды. Сондай-ақ, тұрғындарды ресми ақпаратқа сенуге шақырды.

Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен бұл видеодағы оқиға Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында орын алған. Мұнда бір топ балалардың жаппай төбелес ұйымдастырғанын көруге болады. Бейресми ақпарат бойынша 4 бала зардап шеккен. Ал оның біреуі ауыр халде екені айтылған. Желі қолданушыларының басым бөлігі бұл оқиғаға ата-аналар мен полиция қызметкерлерін кінәлаған.

«Солай өздеріңді өздерің құртыңдар. Бауырмалдық қайда? Соншама қанішерлікке сендерді кім тәрбиелейді? Намыссыздар. Сендерге сыртқы жау керегі де жоқ».

«Біздің полиция жұмыс істемейді. Оларға ақша болса болғаны».

«Ата-аналар неліктен балаларымен жұмыс істемейді? Олардың болашағы жарқын болғанын қаламай ма? Оларға төбелесуге болмайтынын түсіндіру керек. Үлкендер, мұғалімдер қайда қарап отыр?»,-деп пікір қалдырған желі қолданушылары.

Ал облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл факт бойынша ауруханаға ешкім жүгінбеген және полицияға арыз түспеген. Тәртіп сақшылары бейнежазбадағы оқиғаның өткен жексенбі күні Қазығұрт ауданында оқушылар арасындағы футбол ойынынан кейін ескі ипподромда болғанын анықтады. Қазіргі таңда полицейлер мән-жайды білу мақсатында толық тексеру жүргізіп жатыр.

Гүлнар Әбдіжаппарова, Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы: «Бұл факт Түркістан облысы ПД басшылығының жіті бақылауында. Сонымен қатар Түркістан облысының полицейлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылыққа жол бермеу бойынша профилактикалық іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді. Құрметті тұрғындар, аталған жайтқа байланысты ресми дереккөзден берілген ақпаратқа сүйенуге шақырамыз».

Сондай-ақ полиция департаментінің қызметкерлері бейнежазбадағы бірнеше жас жігіттің жеке басын анықтап, профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізген.