Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасының арқасында бүгінде мемлекеттің қолдауының көмегімен жеке кәсібін ашып, ісін ілгерілетіп отырғандардың қарасы қалың.
Қазығұрт ауданындағы кәсіпкерлік саласы бойынша индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы жоғары. Мәселен, кәсіпорындардың өнеркәсіп өнімінің көлемі жылдың қорытындысымен — 13,5 млрд. теңгені құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 102,1%-ға орындалды. Шалғайдағы аудан үшін бұл жақсы көрсеткіш. Бұдан бөлек ауданға инвестиция тартуда да қол жеткізген жетістіктер жетерлік. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің жылдық жоспары — 25,8 млрд. теңге болып бекітілген болатын. Жыл қорытындысымен — 23,1 млрд.теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 123,6%-ға немесе 4,7 млрд. теңгеге артты. Жалпы бюджеттік емес жеке инвестиция 19,1 млрд.теңге құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,0 млрд. теңгеге артып отыр. Яғни, бюджеттік емес жеке инвестиция бойынша тиісті жоспары артығымен орындалды, алайда бюджеттік инвестиция бойынша аудандағы білім беру мекемелерінің 2022 жылға жоспарланған ғимараттарының 2023 жылға өтпелі болғандықтан, 1-инвест бойынша 4,3 млрд. теңгеге жуық қаражатының есебі статистикалық есептіліктері тапсырылмады. Сонымен қатар, 2023 жылға негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің жылдық жоспары — 31,5 млрд. теңге болып бекітілді.
Бүгінгі таңға, жоспарды орындау мақсатында барлық ауыл округтер бойынша жаңадан ашылатын инвестициялық жобалардың тізімі жинақталуда сондай-ақ, ауданға инвесторларды іздестіріп, тарту жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы өңдеу өнеркәсібі, бөлшек сауда, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы барысы туралы Қазығұрт аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Өсербаев Бекет Саруарұлына сауал тастаған болатынбыз. Бөлім басшысының орынбасары бұл тарапта көрсеткіштер жақсы екенін жеткізді.
Бекет Өсербаев, Қазығұрт аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары: «Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі – 11,5 млрд. теңгені құрады (жоспар – 8,7 млрд.тг), өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 103,0%-ға орындалды. Ауданымызда шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Бүгінгі таңға жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 12368 бірлікті құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 128,3%-ға орындалды. Осы бағытта ауданымызда 16743 адам жұмыспен қамтылып, олардың өндірген өнім көлемі – 100,4 млрд. теңгеге жетті немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 123,5%-ға артты. Бөлшек сауда өнімінің көлемі – 8,7 млрд. теңгені құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 102,2%-ға орындалды. Көптеген кәсіпорындардың өндіріс қарқынының өсуі, жаңа қуаттардың енгізілуі және технологиялық процесті модернизациялау өнеркәсіптік сектордың орнықты дамуына ықпал етеді. Ол үшін ауданымыздағы өндіріс орындарын көбейту үшін «Қазығұрт» индустриялдық аймағына инвесторлар тартып жаңа жұмыс орындарын ашуды қажет етеді. Ауданның инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында «Қазығұрт» индустриялдық аймағы (35 га) құрылып, кәсіпкерлерге мүмкіншілік жасалды. Яғни, индустриялдық аймақтағы инфрақұрылым жүйелерінің қуатын ұлғайту арқылы қосымша кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда, 10,86 гектар жер телімінде 7,3 млрд. теңгелік 193 жұмыс орнын құрайтын 5 жоба орналастырылған (1.«Асыл бастау.kz» ЖШС-ның «AQUA THE BEST» атауымен 0,5 — 1,0 — 5 және 19 литрлік ыдыспен ауыз су өндірісі, 2.«CG Foods Central Asia» ЖШС-ның «Тез әзірленетін тағамдар» өндірісі, 3.«Көрік ШҚ» ЖШС-ның «Алкогольсіз табиғи шырынды сусындар шығару» өндірісі, 4.«Отырабат-Құрылыс» ЖШС-ның «Газабетон блогы» өндірісі, 5.«ЮКГУ» ЖШС-ның «Газабетон блогы» өндірісі).
Сонымен қатар, Қақпақ ауылы округіне қарасты Заңғар елді мекенінде орналасқан «Ынтымақ» СТК—нің жалпы құны 700 млн. теңгелік 1,3 МВт/сағ. кіші су электр станция жобасы іске қосылу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңға жер учаскелері тегістеліп, ғимараттың құрылысы аяқталып, Чехия мемлекетінен қондырғылар жеткізілді сондай-ақ, кәсіпорынды 2023 жылдың I тоқсанында іске қосу көзделуде».
Сонымен қатар, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы орынбасарының айтуы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың қолдау құралдары арқылы аудандағы шағын және орта бизнестің дамуына және жаңадан ісін бастаған кәсіпкерлерге бірінші кезекте жеңілдетілген несие берілуде екен. Жалпы қаржы ұйымдары арқылы 324 тұлға 2120,0 млн. теңгеге несиелендірілген.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге, жас кәсіпкерлерге, әйелдерге, мүгедектерге және 50 жастан асқан адамдарға «Бизнестің жол қартасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде (өз бизнесін құруға) мемлекеттік гранттар беру үшін конкурстық іріктеуге қатысып, қорытындысымен 1 азамат грантқа қол жеткізген. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкер бүгінде ісін ілгерілетіп отыр.
Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің рөлін күшейтіп, оның ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін жеткізу міндетін қойған болатын. Бұл бағытта «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы бастау алған. Бүгінгі күнге жалпы құны 40,0 млн. теңге көлемінде кәсіпкерлік бағытындағы 1 жобаға несие берілді. Қажетті несиемен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табатын болады.