Сарыағаш ауданында 4 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады

56

Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы саласында 4 ірі кәсіпорын бой көтереді. Сонымен қатар өңірде тоқыма кластерін құру жоспарланып отыр. Жаңа жобалардың жүзеге асу барысын саралаған, өңір басшысы мамандарға бірқатар тапсырма берді.

Сарыағаш ауданында мал шаруашылығы бойынша 4 ірі жоба жүзеге асады. Олар «Бес Қара» ЖШС-не тиесілі. Кәсіпкер кұс және ірі қара мал етін бордақылау бағытына басымдық бермек. Ол үшін 700 млн теңге инвестиция бөлу көзделген. Одан бөлек арнайы мал сою бекетін ашып, ет өнімін шетелге экспорттау жоспарда бар.


Мұрат Әбдібаев, «Бес Қара» ЖШС-нің жетекшісі: “Біз мал шаруашылығы саласында тағы 4 жобаны іске қосамыз деп ойлап отырмыз. Ірі қара басын көбейтуді көздеп отырмыз. Мал бордақылау орнын ашамыз. Оған қоса ұсақ мал санын 20 мыңға жеткізуге жұмыс істеп жатырмыз”

Жиын барысында өңірдегі 9 индустриалды аймақтың жай-күйі сарапталып, мәселелері тыңдалды. Сонымен қатар, облыс басшысы тарапынан бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы да баяндалды.

Нұржігіт Мырзахметов, Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы: «Инвестициялық штабтың жұмысын зерделей келе бүгінге дейін 26 тапсырма берілген. Қазір 18 тапсырма орындалды. 6 тапсырма толық орындалмаған. Ал 2 тапсырма мүлде орындалмады»

Ал өңір басшысы Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандарында кәсіпкерлігін тіркемей жүрген шаруалардың көп екенін айтады. Сондықтан мамандарға айтулы бизнес иелерімен жұмыс істеп, кәсібін кеңейтуге қол ұшын созуды тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Базар иелерімен сөйлесіп, жаңа өндіріс ашуға көмектесіңдер. Болмайды бұлай қарап отыра берген. Бүгін қарап отырмын, тек инвестициялық жобаларды баяндап жатсыздар. Өздеріңіздің нау-хауларыныңыз болу керек. Аудандарды өздеріңіз тартуларыңыз керек. Қай жерге не соғу керек екенін айтуларыңыз керек. Әйтпесе дайын тұрған анау тауық ферма ашайын деп жатыр. Мынау бордақылау алаңын құрайын деп жатыр деп айтумен шектелесіздер. Одан басқа ештеңе жоқ»

Сонымен қатар облыста тоқыма кластерін құру жоспарланып отыр. Ол үшін Мақтаарал ауданында «Global Textile Turkistan» ЖШС ашылады. Қазір шаруалармен келісім жасалып, 15 гектар жерге «Наманган-77» шиті егілетін болды.